ҚЫЗЫЛОРДАДА 6 МЫҢ 600 АЗАМАТҚА ЖЕР ТЕЛІМІ ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін Қызылорда қаласында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 6 мың 600 азаматқа жер телімі берілді. Ол үшін Қызылорда-Жезқазған тасжолының бойынан 980 гектар жер бөлінген.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Астана күніне орайластырылған мерекелік шараға орай осы жаңа қонысқа 25 киіз үй тігілді. Қазақ күресі, қол күрес, арқан тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Екі жүзден астам мүжәлсіз отбасы қайырымдылық акциясы аясында тегін азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, жер иелерін қуаныштарымен құттықтады.
- Бүгін халықтың көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, үлкен қуанышқа бөленіп тұрмыз. Биылғы жылы қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық бюджеттерден, Ұлттық қордан қыруар қаражат бөлінді. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында Қызылорда қаласында бүгіннен бастап «Бәйтерек» атты жаңа мөлтек аудан дүниеге келді. Қызылорда қаласында жерге кезекте тұрған 49 мың тұрғынның бір мезетте 6 мың 600-не жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін табыстау аймақ, қала тарихында бұрын-соңды болған емес! Республика бойынша мұндай ірі көлемде толық инженерлік-инфрақұрылымымен тұрғын үй үшін жер телімдерін табыстап отырған бірден бір аймақ - Қызылорда облысы. Бұл - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының және бірлігі жарасқан, дархан пейілді, еңбекқор Сыр халқының зор жетістігі, - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Қызылорда қаласында 2004 жылдан бері ешқандай жер телімі берілмеген. Өйткені ҚР Жер кодексіне сәйкес (44-бап, 5-3 тармақ) жеке тұрғын үй құрылысын салу үшiн жер учаскелерiн беру су және электр желілерімен қамтамасыз етілген алаңдар дайын болған жағдайда табысталатындығы атап көрсетілген. Сондықтан пайдалануға беріліп жатқан жер телімдері заң талаптарына сай қажетті инфрақұрылыммен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
2013 жылы Қызылорда-Жезқазған тасжолының бойынан жаңа шағын ауданға 980 гектар жер бөлінген болатын. Ал биыл осы жобаға 9,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданған. Қысқа дейін бұл қаржыға 75 шақырым жол төселіп, 353,1 шақырым су құбыры, 112 шақырым газ құбыры мен 152 шақырым электр желісі тартылмақ және подстанция салынады. Сөйтіп, күні бүгінге дейін жер алу үшін кезекте тұрған 49 мыңнан астам тұрғынның саны едәуір азайғалы тұр.
«Бәйтерек» деп аталатын жаңа мөлтек ауданда 36 мыңға жуық халық тұратын болады. Бұл жерде 1 диагностикалық орталық, 260 төсектік 1 аурухана мен ауысымына 100 келушіге арналған балалар және әйелдерге кеңес беру емханасы, ауысымына 200 адам қабылдай алатын 1 емхана, 280 орындық төрт балабақша және 900 орындық 5 мектеп бой көтереді. Сондай-ақ, жаңа мөлтек ауданда стадион, мешіт пен мәдениет үйі, демалыс саябақ құрылысын жүргізу жоспарланған.