ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МАҚСАТЫНДА ҚЫТАЙЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРМЕН МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ
26 маусым күні Қызылордада "Қызылорда облысы мен ҚХР-ның Цзянси провинциясы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық" тақырыбында форум өтті. Оған Цзянси провинциясы Халық үкіметінің Вице-губернаторы Лью Чанглин сондай-ақ, Цзянси провинциясының халықаралық сауда ұйымдарына жәрдемдесу Қытай кеңесінің төрайымы Лью Гуилан қатысты.
Бұдан басқа, Қызылорда облысында инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында өткізіліп отырған форумға Қытай Халық Республикасының 20-дан астам компанияларының басшылары мен өңіріміздің 40-тан астам шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Форум қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының Цзянси провинциясы 450,5 млн. АҚШ долларын құрайтын бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін 13 меморандумға қол қойылды. Олар: жылдық қуаттылығы 750,0 мың тонна болатын Цемент зауытының құрылысы, қуаттылығы 24,94 МВт-тық және 75 МВт-ты құрайтын Жел-күн электр станциясы, Силикат кірпіш шығаратын зауыт, Қызылорда қаласының сол жақ жағалау бөлігінде жаңа ауданды жоспарлау, 50 мың бас қойды бордақылауға арналған алаң мен қуаттылығы жылына 7000 тонна болатын ет комбинатын, жылыжайлар мен май өндірісі, көкөніс қоймаларын салу жобалары.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының Кәсіпкерлер Палатасы және Цзянси провинциясының халықаралық сауда ұйымдарына жәрдемдесу Қытай кеңесінің арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Цзянси провинциясының делегациясы Қызылорда облысына сапары аясында "Агроөнеркәсіптік кешен", "Жан-Арай" ЖШС-нің жұмысымен танысып, Сыр өңірінің көрікті жерлерін аралады. Сондай-ақ, Қытай делегациясы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, В2В форматында кездесу өткізді.