ЕҚДБ ҚЫЗЫЛОРДАНЫҢ ӘУЕЖАЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ
27 маусым күні Еуропалық Қайта құру және даму банкі Қызылорданың әуежай құрылысына қаржы құятынын Астанада арнайы келісіммен мақұлдады. Халықаралық қаржы институты өкілдері қаржы операциясына жаһандағы саяси, экономикалық жағдай еш кедергі бола алмайтынын айтты.
Еуропалық қайта құру және даму банкімен Қызылорда осыдан екі жыл бұрын жақсы әріптестік қатынас орнатып үлгерді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықаралық қаржы институтының басшысы Сума Чакрабартимен бірнеше мәрте іскерлік диалог жүргізген болатын. Ал, V «Байқоңыр» инвестициялық форумында, яғни 2015 жылдың сәуір айында банктің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман өз позициясын білдірген-ді.
Ал, күні кеше Астанада өткен кездесу қорытындысына сәйкес, Қызылорда әуежайына банк қаржы бөлетінін арнайы құжатпен бекітіп, мәлімдеді. Қаражат үш көзден қаралмақ.
- Несие 13 жылға беріледі. Алдыңғы үш жылы демалыс. Жобаның 30 пайызын банк, 50 пайызын үкімет, 20 пайызын облыс көтеріп бірге үлкен жауапты жобаны іске асырамыз. Бұл бар жағынан тиісмді. Біздің бюджетке салмағы ауыр болмайды. Банк пен үкімет негізгі қаржыны өз жауапкершілігіне алып отыр, - дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, Еуропалық қайта құру және даму банкі аймақтың коммуналдық қызмет саласына қатысты 8 жобасын қаржыландыруды көздеп отыр. Жалпы құны 103 миллион АҚШ доллары болатын жылу, электр, су жүйесінің модернизациясы мен автобус паркінің құрылысы қамтылған 4 несие жобасына қол қойылды. Осы аталған 4 несие жобасы іске асса, қызылордалықтар нағыз өркениетті өңірде өмір кешетін болады. Яғни, жылу далаға кетпей, ғимараттарды жылытады, пәтерлерге жылы су келетін болады, жарықтың сапасы артады, автобустар газға көшіріледі. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның стратегиялық әріптесі – Еуропалық қайта құру және даму банкі Қызылорданың қордаланған коммуналдық проблемаларын шешуге мүдделі екенін білдіріп отыр.