ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯ АШЫЛДЫ
Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылында бой көтерген дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.
Дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты.
Түгіскен тірек елдімекендердің қатарына қосылған ауыл. Сондықтан мұнда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделіп, жарықтандыру мәселесі де шешімін табуда. Келесі жылы 300 орындық жаңа мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Осылайша тірек ауылдарды дамыту арқылы әлеуеті төмен елдімекен тұрғындарын тұрақты жұмысқа тартуға мүмкіндік туады.
- Соңғы 3 жылда облыстың денсаулық сақтау саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуда біршама жұмыстар атқарылды. Жалағаш, Қармақшы мен Сырдария, Шиелі аудандарында ауруханалар ашылып, 30-ға жуық дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік акушерлік бекеттер салынып, іске қосылды. Жыл соңына дейін Жаңақорғандағы аудандық ауруханының құрылысын аяқтап, пайдалануға береміз, - деді облыс әкімі.
Облыста денсаулық сақтау саласын дамыту үшін арнайы бағдарлама әзірленді. Сондай-ақ, биыл алғаш рет резидентурада білім алу үшін облыс әкімінің 25 гранты бөлінді. Жалпы денсаулық сақтау саласына қаржы бөлуден облыс республикадағы аймақтар арасында көш бастап тұр.