ПАРИЖДІ СУ АЛЫП ЖАТЫР
Франция астанасы Парижді су алып жатыр. Қазір судың деңгейі 5,8 метрге жетті, деп хабарлайды Today.kz Vesti.ru сайтына сілтеме жасай отырып.
Оқыс оқиға Сена өзеніндегі судың көтерілуінен болып отыр. Синоптиктердің хабарлауынша6 Сенадағы су деңгейінің көтерілуі ертеңге дейін жалғасады. Қазір 1,5 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге апарылған, жүздеген үй қараусыз қалды.
Сонымен қоса, Париждегі кейбір қоғамдық көлік түрлері мен теміржол қозғалысы тоқтатылған.
Ал демалыс күндері қаланы су алуы мүмкін деген қауіппен әлемдегі танымал мұражайлардың бірі Луврдың төменгі қабатындағы көрме залдары жабылған.
Метеорологтардың айтуынша, 1900 жылдан бері Францияда мұндай жағдай үш рет қана болған екен.
Айта кетейік, Париждегі ең үлкен су тасқыны 1910 жылы қаңтар айының соңына қарай болған. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де су алудың себебі бір - Сена өзенінің өз деңгейінен көтеріліп кетуі. 1910 жылғы оқыс оқиғада 20 мыңға жуық үй суға кеткен. 35 күн дегенде қала бұрынғы қалпына келе бастаған.