ҚЫРҒЫЗДАР ПРЕЗИДЕНТКЕ АҚ ҚАЛПАҚ КИЮДІ МІНДЕТТЕМЕК
Қырғызстанда елдің бірінші тұлғалары мен шенеуніктеріне ресми іс-шараларда ақ қалпақ киюді міндеттеу ұсынылды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Депутаттар әзірлеген заң жобасы парламент сайтында қоғамдық талқылауға шығарылған. Заң жобасы бойынша қырғыз халқының ұлттық бас киімі –ақ қалпаққа мәдени символ мәртебесін беру көзделіп отыр.
Заң жобасының мақсаты – қырғыз халқы мәдени мұрасының маңызды элементінің имиджін жақсарту, бас киімді насихаттау үшін құқықтық база әзірлеу.
Құжат, сондай-ақ, "тарихи мұра мен ақ қалпақты кию мәдениетін сақтау арқылы" қырғыз халқы мен елін танытуға бағытталған.
Заң жобасына сәйкес, 5 наурыз "Ақ қалпақ күні" болып қала береді.
Заң жобасы елдің бірінші тұлғаларын – президент, премьер-министр, Жогорку Кенеш төрағасын, сондай-ақ, үкімет мүшелерін ресми қабылдаулар мен шет елдерге сапарларында ұлттық бас киімді киюге міндеттеуді көздейді.
Бұған қоса, Қырғызстан атынан спорт жарыстары мен мәдени шараларға қатысатын азаматтар да ақ қалпақ киюі керек.
Заң жобасына сәйкес, қырғыздардың бас киімін қорлағандар жауапкершілікке тартылады. Бірақ жаза түрі нақтыланбаған.
Бұған дейін Қырғызстанда конкурста қалпақ киген ит үлкен дау туғызған еді. Парламент депутаттары Тазабек Икрамов пен Рыскелді Момбеков итіне ұлттық бас киімді кигізген дизайнерді жазалауды талап етті.