ГЕРМАНИЯ ШАУРМАҒА ТЫЙЫМ САЛУЫ МҮМКІН
Германияда шаурма секілді фаст-фуд түрін әзірлеуге тыйым салынуы мүмкін, деп хабарлайды https://baq.kz/ агенттігі The Local басылымына сілтеме жасап.
Еуропарламенттің денсаулық сақтау комитеті Еурокомиссияның шаурмаға арналған мұздатылған етке фосфат қосу ұсынысын қабылдамауы мүмкін. Дәл қазір фосфатты тек мұздатылмаған етке қосуға рұқсат етілген. Ал мұздатылған түріне қаншалықты қосуға болатыны нақты белгіленбеді.
Комитеттің айтуынша, фосфат тұтынушылар денсаулығына кері әсерін тигізіп, жүрек ауруларына шалдықтырады. Десе де, ғалымдар бұл мәселеге қатысты біржақты пікір айтудан бас тартып отыр. Әдетте фосфат мұздатылған еттің дәмін сақтап қалу үшін қолданылады.
Еуропарламент бұл мәселеге қатысты 2017 жылдың желтоқсан айында нақты шешім шығарады. Еурокомиссияның ұсынысы қабылданбаған жағдайда, шаурма секілді фаст-фуд түрлеріне тыйым салынады.