БЕРДІМҰХАМЕДОВ САПАРМҰРАТ НИЯЗОВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛ, ҚАЛА АТАУЛАРЫН ӨЗГЕРТТІ
Түркіменстан президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов Лебап уәлаятына барған іссапарында аймақтағы әкімшілік-территориялық бөліністердің атауын өзгерту туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды https://www.hronikatm.com/.
Құжатқа сәйкес, бұрын бірінші президент Сапармұрат Ниязовтың, оның туыстарының есімін иеленіп келген аумақтар атауы өзгертіліп, кейбірі таратылған.
Мысалы, бұрын Бейик Туркменбаши (Ұлы Түркіменбашы) аталып келген аудан таратылып, Довлетли ауданына қосылған.
Сапармұрат Ниязовтың әкесінің атындағы Атамұрат ауданы мен осы аттас қала Керкин ауданы, Керкин қаласы болып өзгертілді.
Ал Сардарабат (Сардар — С.Ниязовтың титулдарының бірі) Чарджев ауданы болды.
Ал Дянев ауданындағы Ниязов кенті енді Гарашсызлык (Тәуелсіздік) аталатын болды.