КӨЛІГІН ҚОЙҒАН ЖЕРІН ҰМЫТЫП ҚАЛЫПТЫ...
Германияда полиция қызметкерлері 20 жыл бұрын жоғалған көлікті тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі неміс басылымдарына сілтеме жасап.
1997 жылы Франкфурт қаласының тұрғыны полицияға көлігінің жоғалғанын айтып арызданған. Сол уақытта құқық қорғау органдары көлікті де, оны айдап әкеткен ұрыны да таба алмаған екен.
Алайда араға 20 жыл салып көлік күтпеген жерден табылды. Темір тұлпар жуырда бұзылатын әкімдік ғимаратының тұрағында қалып қойған екен. Муниципалдық қызметкерлер ғимаратты тазалап жүріп көлікті байқап қалған. Кейін бұл туралы полицияға хабарлаған.
Полиция көлік нөмірі арқылы оның иесін тапқан. Нәтижесінде ер адамның темір тұлпарын қайда қойғанын ұмытқаны анықталған. Көп уақыт ішінде көлік айдауға жарамайтындай күйге түскен. Сол себепті, 76 жастағы қария оны темір-терсек қабылдайтын дүкенге өткізді.