105 ЖАСТАҒЫ ДӘРІГЕР КӨП ЖАСАУДЫҢ СЫРЫН АЙТТЫ
Жапониялық дәрігер Шигеаки Хинохара 2017 жылдың 18 шілдесі 105 жасында қайтыс болды. Қария өмірінің соңғы күндеріне дейін Токиодағы Халықаралық Қасиетті Лука ауруханасын басқарып, науқастарды емдеген. Тәжірибелі маманның қабылдауына науқастар 5 ай бұрын жазылған, деп хабарлайды https://baq.kz ақпарат агенттігі gubdaily.ru басылымына сілтеме жасап.
Өлім аузында жатқан дәрігер ұзақ әрі бақытты өмір сүрудің құпиясын бөліскен екен.
Көңіл көтеріңіз!
Дәрігердің пікірінше, ұйқы мен тамаққа қарағанда, көтеріңкі көңіл-күйдің адамға берер пайдасы мол.
«Адам күш-қуатты тамақтан немесе ұйқыдан емес, қуанышты сәттерден алады. Бала күнімізде ойынды бәрінен артық көрген күндеріміз естеріңізде ме? Ересектерде де дәл солай. Тәніңізді тамақтану тәртібі мен ұйқымен қинаудың қажеті жоқ», - дейді Хинохара.
Аз тамақ ішіңіз
Жапониялықтар тамақты талғап жеудің арқасында ұзақ өмір сүреді. Таңғы асқа бір шыны аяқ кофе, сүт, апельсин шырынын және зәйтүн майын тұтынады. Түскі асты ішпесеңіз де болады. Кейде тамаққа қарағанда, пайдалы іс артық. Маман кешкі асқа көкөністер, күріш және балық жеуге кеңес береді. Ал күнделікті жейтін еттің мөлшерін екі есе қысқартқан жөн. Шамамен бір аптаға 200 грамм ет жесеңіз жеткілікті.
Алдын ала жоспарлаңыз
Шигеаки Хинохара болашаққа бағытталған жоспарларды міндетті түрде қағаз бетіне түсіріп отыруға кеңес береді. Себебі, адам ойы ерекше күшке ие. Мұнымен қатар, болашағы туралы көп ойланатын адамның өткен күндердегі өкінішті сәттерді еске алуға уақыты болмайды.
Біліміңізді бөлісіңіз
Білген пайдалы ақпаратыңызды бөліскенде тұрған ешнәрсе жоқ. Дәрігер жылына кем дегенде 150 дәріс өткізген екен. Әр дәріс бір жарым сағатқа созылған. Барлығын дерлік орнынан тік тұрып жүргізген.
Сыни пікір айта біліңіз
«Дәрігер сізге белгілі бір анализ тапсыруға немесе ота жасатуға кеңес берсе, «Осыларды туған балаларыңыз бен туысқандарыңызға тағайындайтын ба едіңіз?» деп сұраңыз. Өйткені, кей жағдайда дәрігерлердің емі кері әсерін тигізуі мүмкін. Кейде білікті дәрігерлерге қарағанда, сүйікті әуен мен жануарлар жақсы көмектеседі.
Өзіңізді аямаңыз!
Физикалық жаттығулардың адам ағзасына пайдасы мол. Десе де, спортпен шынығу үшін міндетті түрде жаттығу залына барудың қажеті жоқ. Орнына жаяу жүріп, велосипед айдауыңызға болады. 105 жастағы Хинохара екі баспалдақты қатар аттап, бұлшық еттерінің жұмысын жақсартқан.
Оқыңыз!
Кейде кітаптар адамдарға ерекше шабыт сыйлайды. Дәрігер Роберт Браунингтың «Аббат Фоглер» поэмасын сүйіп оқыған. «Өнерде де, өмірде де алдымызға үлкен мақсаттар қоя білуіміз қажет. Тіпті, шеңбер сызсаңыз да, оның көлемі үлкен болсын. Бастапқыда біз бұл шеңбердің тек жартысын көруіміз тиіс», - дейді дәрігер.
Өзіңізге қайғы сыйлаған сәттерді еске алудың қажеті жоқ
Қайғы-қасіреттен арылғыңыз келсе, назарыңызды басқа арнаға бұрыңыз. Қызықты бірнәрсе туралы ойлағанда, тәніңіз бен жаныңыздың ауырғанын ұмытып кетесіз. Дәрігер заманауи ауруханаларда би, музыка және жануарлардың көп болуы керектігін айтады. Мұндай ем түрі дәріден де артық көмектеседі.
Құндылықтарыңызды қайта қарап шығыңыз
Қазіргі заманда көптеген адам ақшаны рухани байлықтан артық көреді. Махаббат, қайырымдылық, қамқорлық сынды игі қасиеттер туралы мүлдем ойлағылары келмейді. «Кімнің қай күні өлетінін ешкім білмейді. Ал материалдық байлықты өзіңізбен бірге ала кетпейтініңіз анық», - дейді ол.
Өзіңізге үлгі болуға лайық тұлға табыңыз
Жапониялықтың айтуынша, әр адамның үлгі тұтар тұлғасы болуы тиіс. Мұнымен қатар, әрдайым ұстаздан озуға тырысу қажет. Хинохараның үлгі тұтарлық адамы әкесі болған.
«Қиналған сәтте өзім үлгі тұтатын адамдар менің орнымда болса не істейтін еді?» деп ойлаймын. Сіз де солай жасаңыз», - дейді дәрігер.
Ләззат алыңыз!
«Ұзақ өмір сүруден асқан бақыт жоқ шығар. Барлықтарыңызды өмірлеріңіздің әр сәтін бағалауға шақыратын едім. Қуанышыңызбен бөліскенде ғана бақытқа кенелесіз», - дейді Шигеаки Хинохара.