ӘЛЕМДЕ АЛҒАШ РЕТ АДАМНЫҢ БАСЫ АУЫСТЫРЫЛДЫ
Алғаш рет адамның басын ауыстыру отасы Қытайда мәйіттерге жасалды. 18 сағатқа созылған ота барысында адамның омыртқасы, жүйке жүйесі және қан тамырлары қалпына келтірілді. Бұл туралы The Telegraph жазады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Сәтті өткен бас ауыстыру отасы туралы италиялық нейрохирург Серджо Канаверо (Sergio Canavero) Венада өткен конференцияда мәлімдеді. Отаны доктор Жэнь Сяопиннің (Xiaoping Ren) жетекшілігімен Харбин медициналық университетінің (Қытай) мамандары жасады. Канавероның айтуынша, тірі адамның басын ауыстыру отасы жақын арада болады.
2016 жылдың қыркүйегінде нейрохирург жануарлардың (тышқан мен ит) басын ауыстырған отаның видеосын жариялаған болатын. Эксперимент барысында полиэтиленгликоль қолданылды. Ол жұлын және мыңдаған нейрондардың арасындағы байланысты қалпына келтіру үшін зақымданған жерлерге қойылды.
Өлі адамның басын ауыстыру отасы тірі адамның басын ауыстыруға дайындық ретінде, атап айтқанда нейродегенеративті науқасы бар ресейлік программистке жасау аясында өтті. Бірақ бұл ота жасалады дегенге қазір толыққанды дәлелдер жоқ.