РЕСЕЙДЕ ӘУЕДЕН ОТТЫ ШАР БАЙҚАЛДЫ
Ресейдің Мурманск облысында әуеде от жанған шар ұшып өткені камераға түсіп қалды. Бірақ, ғарыштық кеменің жерге қонғаны немесе аспанда жанып жоқ болып кеткені белгісіз. Тұрғындар табиғи жағдайды видеоға түсіріп, желіге жүктеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі lenta.ru-ға сілтеме жасап.
«Бүгін Мәскеу уақытымен сағат 19:40 шамасында Мурманск облысының үстімен әуеде өте жарық ірі метеор ұшып өтті. Желідегі видеожазбаларға қарағанда, ұшу ұзақтығы жеті секундтан кем емес. Ұшу кезінде бірнеше жарық отшашу байқалған», - деп жазылған «ВКонтекте» желісінде.
Мұндай құбылысты Финляндия тұрғындары да байқаған. Олардың ойынша, шардың массасы бірнеше келі болуы мүмкін. Мамандар аспан денесінің нақты координаттарын анықтау үшін модельдеу жүргізуді ойлап отыр. Егер нысан Жерге құлаған болса, онда табиғи дене елдің солтүстігіндегі Инариярви көлінің аумағында болуы мүмкін.