ҚЫРҒЫЗСТАНДЫҚ ӘЙЕЛ ҚАСҚЫРДЫ ПЫШАҚТАП ӨЛТІРДІ
Қырғызстанда күйеуіне шапқан қасқырды әйелі пышақтап өлтірді. Бұл туралы https://sputnik.kg/news/ Ак-Ширак ауылдық округінің басшысы Эрлан Асаналиевке сілтеме жасап хабарлайды.
7 қараша күні кешке Ыстықкөлдегі Сарычат-Эрташ мемлекеттік қорығы маңында Мирбек Келгенбаев деген азаматтың көлігі бұзылып, ол оны жөндеуге кірісіпті.
«Мирбек машинасын жөндеп жатты, көлікте бірге келе жатқан ұлы мен әйелі жанында болатын. Шамалыдан соң әйелі жылыну үшін ғимаратқа кіріп кетті. Осы уақытта Мирбекке қасқыр шабуыл жасайды. Ол жыртқышты жерге жығып, тізесімен басқан. Пышақ алып шық деген дауысты естіген әйелі Эльнур жүгіріп шығып, жыртқышты пышақтап өлтірген» деді Асаналиев.
Ауыл басшысы Келгенбаевтардың соңынан келген. Ол оқиға орнына үш сағаттан кейін келіп, жәбірленушілерге алғашқы көмек көрсетті. Таңертең Мирбек Келгенбаевты жергілікті ауруханаға жатқызып, алған жарақаттарына ем жасаған, құтыруға қарсы екпе салыпты.