ҚЫРЫҚ ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН БЕРГЕН ҚАРЫЗЫН СҰРАДЫ
Стокгольм Пхеньяннан 43 жыл бұрын берген қарызын сұрап отыр. Бұл туралы бүгін KBS радиостанциясына сілтеме жасаған Лента.Ру хабарлады.
Радиостанцияның таратқан хабарында Солтүстік Кореяның Швецияға 330 миллион доллар қарыз екендігі айтылған. «Олар осы уақытқа дейін қарызды қайтару туралы талаптанбаған», — дейді KBS.
1974 жылы Пхеньян Швециядан Volvo маркалы мыңдаған автокөлік пен қыруар дүние алған. Әу баста түрлі жағдайларды сылтау еткен Пхеньян билігі артынша қарыз туралы мүлдем жақ ашпайтын болған. Қарыздың сол кездегі көлемі 73,5 миллион доллар болыпты, артынша пайызы өскен берешек 4,5 есеге көбейген.
Жалпы, Солтүстік Кореяның шет мемлекеттер алдындағы қарызы шаш-етектен. Осыдан 3 жыл бұрын Мәскеу Пхеньянға Кеңес кезінде берілген несиені кешіретіндігін мәлімдеген еді. ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша әр жылдары КСРО-ның Солтүстік Кореяға берген несиесі 10 миллиард доллардан асқан.