ОТЫЗ СЕГІЗ ЖЫЛ БҰРЫН ҰШЫРЫЛҒАН КЕҢЕС СПУТНИГІ ЖЕРГЕ ҚҰЛАЙДЫ
Шамамен 10 күннен кейін Жерге біржарым тонналық «Молния-1-44» байланыс спутнигі құлайды. Кеңес космонавтикасының өнімі саналатын спутник 1979 жылы ұшырылған екен.
Солтүстік Американың әуе-ғарыштық қорғаныс командованиясы сайтында жарияланған мәліметте спутниктің атмосферада толық жанып кетпейтіні, оның сынықтары Жер бетіне түсетіні баяндалады. Мамандар спутниктің он-лайн режимде бақыланатынын айтады.
Оның қозғалысын ұдайы бақылап отырған мамандардың айтуынша қазір «Молния-1-44»-тің айналым жылдамдығы едәуір төмендеген. Бұл оның жақын арада Жерге түсетінін білдіреді. Әзірше оның қай аумаққа құлайтыны белгісіз болып қалып отыр.
Сондай-ақ, әлемдік БАҚ осы жылдың 4 қарашасында Жерге тағы бір Кеңес спутнигі құлайтынын жазуда. Салмағы 1,7 тонна болатын «Космос-1345» 1982 жылы ұшырылыпты.