ҚЫТАЙДЫҢ КЕСІРІНЕН ӘЛЕМДЕ ЕСЕК АЗАЮДА
Қытайда еті мен терісіне сұраныс күрт өсуіне байланысты әлемде есектердің саны азайып бара жатыр деп жазады BBCNews-ке сілтеме жасаған https://baq.kz/kk.
Басылым хабарына қарағанда, аталған елде есектің еті мен терісінен денсаулыққа пайдалы тағамдар жасалады және дәстүрлі медицинада қолданылады. Сұраныстың жоғарылығы себепті Қытайда есектер саны азаюына байланысты оның еті мен терісін сататындар тауарды басқа елдерден әкелуге мәжбүр болып отыр.
Африкада есек қашаннан негізгі көлік түрі және жұмыс күші саналады. Соңғы жылдары мұнда есектің бағасы екі есе көтеріліп кеткен. Нәтижеде ұрылар табысқа кенеліп жатыр, ал есегінен айырылған көптеген адамдардың басқа есек алатын жағдайы жоқ.
Ал есекке сұраныс өсуіне байланысты Кенияда соңғы уақытта үш арнайы қасапхана ашылған. Онда күніне шамамен 150 есек сойылады, экспорттау үшін еті мұздатылып қапталады, терісі тұздалады. Соңғы кездері есектер таразыда тірідей өлшеніп қабылдана бастаған.
Есекті басынан болтты тапаншамен атып өлтіреді, сосын терісін сыпырады. Ал қытайлар бәрі талапқа сай болуын мұқият қадағалап тұрады. Қайнатылған теріден алынатын «ижайо» атты қоңыр түсті желатин Қытайда денсаулыққа пайдалы азық, әрі халықтық медицинада қолданатын дәрі ретінде қымбат тұрады.
Кәсіпкер Джон Каруики өзінің Африкада бірінші болып есек соятын қасапхана ашқанын айтады.
«Бұрын есек базары болмаған. Адамдар балаларын мектепке дайындау үшін сиырын, ешкісін сататын. Қазір сиырдан гөрі есек сатушылар көп. Қытай бізге жақсы болды. Қазір есектен пайда тауып жатқан адам көп» дейді ол.
Есектерді бұлай саудалауға қарсы шығып жатқандар да бар. Белсенділер мен журналистер сойылатын есектердің қандай азапты жағдайда қамаулы тұрғаны, терісін сыпыруға оңай болу үшін оларды аш қалдыратыны туралы деректерді жария еткен. The Donkey Sanctuary ұйымы есек саудасын реттейтін ережелер жасалмай бұл кәсіпті тоқтатуды талап етіп отыр.
Есекке сұраныс Қазақстанда да өскенін дәлелдейтін фактілер бар. Бұдан бірнеше бұрын ел аймақтарында жаппай есек ұрлау оқиғасы туралы ақпараттар көбейді. Мәселен, КТК телеарнасына сілтеме жасаған «Қазақпараттың» хабарлауы бойынша, Түркістан маңындағы ауылдардан былтыр көктемде бірнеше күн ішінде елуден аса есек жоғалған. Терісі сыпырылып, құлақтары кесілген есек өлекселері ауыл маңынан табылып отырған. Материалдағы мәліметтерге қарағанда, бір есектің терісі қара базарда 40 пен 150 мың теңге арасында сатылады.
Деректер
Ұлыбританиялық The Donkey Sanctuary ұйымы мәліметі бойынша жыл сайын әлемде 1,8 млн есек терісі сатылады. Алайда, есек терісіне жалпы сұраныс 10 млн шамасында.
Қытайда есектердің саны 1990 жылы 11 млн болса, ресми дерек бойынша, қазір үш-ақ миллион есек қалған.
Есектің терісін қайнатып алатын «ижайо» деген желатиннің келісі Қытайда 388 долларға дейін тұрады.
Уганда, Танзания, Ботсвана, Нигер, Буркиан Фасо, Мали және Сенегалда есекті Қытайға экспорттауға тыйым салынды.