БРАЗИЛИЯ АТАҚТЫ ГАРРИНЧАНЫҢ СҮЙЕГІН ІЗДЕСТІРІП ЖАТЫР
Пелеге дейін елдің ұлы ойыншысы саналып келген Бразилия футболының жұлдызы Гарринча өмірінің соңында қиындық қамытын кигені белгілі. Өлгеннен кейін оның Рио-де-Жанейродағы моласы ашылып, мүрдесі жоғалып кеткен. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Даңқты футболшы 1983 жылы 50 жасында өмірден озыпты. Ұлы спортшы деген атаққа еңбегімен жеткен ол спортпен қоштасқасын ащы суды жиілетсе керек. Жерленгеніне оншақты жыл өткенде Бразилия құрамасы форвардының денесін туыстары қазып алып, оның орнына тағы бір жақындарын көміпті.
Футболшының немере бауыры Жоао Рогогински журналистерге Гарринчаның сүйегі колумбарийге ауысқанын естігенін айтады. Бірақ өзі бұл рәсімге қатыспапты және футболшының жақындарына оның қайта жерленгені жайлы анықтама да берілмеген.
Зират әкімшілігі футболшы сүйегі эксгумация кезінде жоғалып кетуі мүмкін деген байламға келіп отыр. Рио қаласының мэриясы мәлімдеме жасап соңғы жүз жылдықта жарқын ойынымен жұрт жадында жатталған футболшы сүйегін табу үшін барын салатынын айтты.
Бір аяғы екіншісінен қысқа болса да алаңда ғажайып ойын үлгісін көрсеткен Гарринча 1953 пен 1972 жылдар аралығында доп тепті. Даңқты футболшының есімі "Ботафого" клубында шықты. Ол Бразилия құрамасының екі мәрте әлем чемпионы атағын алуына тер төккен футболшы.