ҚЫТАЙЛЫҚ ҒАЛЫМДАР АРАРАТТАН НҰХ ПАЙҒАМБАР КЕМЕСІНІҢ ҚАҢҚАСЫН ТАПҚАНЫН ЖАРИЯ ЕТТІ
Аспанасты елі ғалымдарының бұл мәлімдемесі әлемді бір елең еткізді. Олар Арарат тауының биік нүктесіндегі қалың қар мен вулкандық түзілім астынан табылған тақтайларды Нұх пайғамбар мінген кеменің тамтығы деп болжап отыр.
Тақтайлардың ені 20 сантиметрге жуықтайды. Және олар өзгеше бір әдіспен біріктірілген. Мамандар оларды біздің дәуірімізге дейінгі 4800 жылдардан қалған белгі деген болжам айтады.
Бұл тақтайлар жатқан тұсқа жақын мәңгілік мұздақтан кеме құрылымының басқа да бөліктері табылған, деп хабарлайды «360 Подмосковье».
Осыған дейін де «пайғамбар кемесін таптық дегендер талай мәрте кездескен. Мысалы, 2006 жылы американдықтар оның тамтығын Эверестен көрдік десе, 2010 жылы осы Арарат тауынан табылды деген хабар шықты
Бірақ ол кезде табылған тақтайларды мұқият зерттеген сарапшылар олардың пайғамбар кемесіне қатысы жоқтығын дәлелдеген еді.
Айтпақшы, аңыз бойынша пайғамбар кемесі қайырлады деген таудың бірі біздің Қазығұрт. Бұл жайлы ел арасында "Басында Қазығұрттың кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған..." деген сөз бар.