УКРАИНА РЕСЕЙМЕН ТЕМІРЖОЛ БАЙЛАНЫСЫН ТОҚТАТУЫ МҮМКІН
Украина билігі 1 шілдеден бастап Ресеймен теміржолдағы жолаушы тасымалын тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Киевтегі дереккөзіне сілтеме жасаған «Коммерсантъ» басылымы хабарлады.
Басылымның дерегінше ресми Киевтің бұл қадамға баруына «РТЖ» ААҚ-ның Украина антитеррорлық операциялар жүргізіліп жатқан Донбасс аймағымен байланысын үзбеуі себеп болған көрінеді. Қазір Донецк мен Ресейдің Таганрогы арасында электричка қатынайды.
Украинадағы теміржол тасымалымен айналысатын «Укрзализныця» өкілдері бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбағанын айтып отыр. Киевтегі дереккөз бұл жаңалықтың жүзеге асуына Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Александр Турчинов пен жоғарғы рада спикері Андрей Парубий ынта танытып отырғанын жеткізді.
16 мамырда Украина президенті Петр Порошенко Ресейге қарсы санкция аясын кеңейтіп, оған теміржол тасымалындағы біраз компаниялар тізімі енгізілген еді.
Ал одан сәл бұрын Ресей Қорғаныс министрлігі теміржол әскері бас басқармасының бастығы, генерал-лейтенант Олег Косенков Украина аумағын айналып өтіп, Воронеж бен Ростов арасын байланыстарын теміржолды төсеу осы жылдың 1 тамызына дейін аяқталатынын айтқан болатын. Осыған қарағанда көп ұзамай екі ел арасындағы теміржол байланысы үзілетін түрі бар.