АВСТРИЯ ПӘРӘНЖІГЕ АЙЫП САЛАДЫ
Австрия депутаттары босқындарды интеграциялау шараларын қолдап дауыс берді. Осыған сәйкес бұл елде көшеде, қоғамдық орындада Құран кітабын тарату мен пәрәнжі жамылуға, денесін тұтас жауып тұратын киіммен жүруге тыйым салынады.
Парламент мүшелері осы жылғы 16 мамырда дауыс берген интеграциялау шаралары осы жылғы қазан айынан бастап жүзеге асырыла бастайды. Оның талабын бұзғандар 150 еуро айып төлейді.
Сонымен қатар, бұл бастама аясында шеттен келген босқындар 1 жыл интеграциялық курстарға қатысуға міндеттеліп отыр. Онда оларға неміс тілін үйретіп, австриялық құндылықтар жайлы айтады. Және олар белгілі бір уақыт аралығында ақысыз қоғамдық жұмыс істеуі тиіс. Оған қарсылық танытқандардың әлеуметтік төлемі азаяды.
Осы елдің сыртқы істер және интеграция министрі Себастиан Курцтың айтуынша бұл шаралар босқындарды австриялық қоғамға бейімдейді. Үкіметтің есебі бойынша бұл бастамаға ел бюджеті жылына 200 миллион еуро жұмсайды.