НАРКОМАФИЯ ТУРАЛЫ ЖАЗҒАН ЖУРНАЛИСТІ ӨЛТІРІП КЕТТІ
Мексиканың Кулиакан қаласында белгілі жазушы-журналист Хавьер Вальдесті өлтіріп кетті. BBC News ақпаратына қарағанда ол мінген көлікке көшеде белгісіз біреулер оқ жаудырған.
Елу жастағы журналист осы елдегі наркомафия туралы баспасөзге ұдайы жазумен қатар кітап та шығарған. Ол әсіресе ірі наркоұйым саналатын «Синалоа» туралы көбірек жазған. Жуырда ғана шыққан «Наркожурналистика» атты туындысында Хавьер наркомафиядан қорықпай жазатын журналистердің қиын тағдырын суреттеген екен..
«Журналист болу – ол үнемі қара тізімде жүру. Үстіңе сауыт кміп, жаныңа оққағар ерткеніңмен банда сені қай күні өлтіретінін өзі шешеді», — деген ол осы кітаптың тұсаукесерінде.
Вальдес жыл басынан бері Мексикада кісі қолынан қаза тапқан алтыншы журналист. Былтыр БАҚ-тың 11 қызметкері қарақшылар құрбаны болған, тағы 400-ден астамына шабуыл жасалған.
Хавьер жазып отырған «Синалоа» осы елдегі ең ірі наркоұйым. Ол АҚШ-ты да есірткімен қамтамасыз етіп отыр.