АРЫҚТАҒАНЫҢ ҮШІН АҚША АЛАСЫҢ
Қытайдың бір компаниясы артық салмақтан арылудың жаңа әдісін ойлап тапты. Компания директоры салмақ тастайтын қызметкерлер үшін арнайы сыйақы тағайындаған деп хабарлайды шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасаған nur.kz.
Қолы ашық директор Сиань қаласында тұрады екен. Ай сайын ол ең кемі 1,5 келіге арықтаған қызметкерлерге сыйақы береді. Әр 500 грамм үшін 100 юань (1 юань – 45,6 теңге) төленеді.
«Арықтағаны үшін сыйақы» атты ерекше акция бірінші наурызда басталған. Бүгінде ай сайын жұмысшылардың жартысынан көбі сыйақы алып отыр. Мәселен, Чжоу Вэй есімді қызметкер екі ай ішінде он келі тастап, 2000 юань алған.
Компания президенті Ван Сюэюйдің айтуынша, нәтиже оның күткенінен де асып түсіпті. Ол өзінің бұл бастамасы осыншалық қолдауға ие болады деп ойламаған екен.
«Біз бұл идеяны тек ақша үшін ғана қолдаған жоқпыз. Бұл акция құр сөзден нақты іске көшуге түрткі болды», - дейді компания қызметкерлері.
Компания директоры акцияны жыл соңына дейін жалғастыруды жоспарлап отыр.