ТӘЖІКСТАН: СПОРТШЫ БОЛСАҢ, САҚАЛЫҢДЫ АЛ!
Тәжікстан спортшылар үшін этикалық кодекс ұсынды. Құжат тәжік атлеттеріне сақал қоюға, "ұзын шаш және ұзын тырнақ" өсіруге тыйым салады. Кодекс жобасын Тәжікстанның туризм, спорт және жастар ісі жөніндегі комитеті дайындады, деп хабарлайды Абай.кз порталы.
Комитет мамандары осындай талаптар енгізуге нақты себептер жетерлік деп отыр. Мекеме өкілі Сухроб Акбаршоның айтуынша, бұл ережелер тазалық пен спорт гигиенасын сақтау мақсатында егізілген. "Ұзын шаш пен сақал арқылы инфекциялық аурулар таралмас үшін де осындай ереже ұсынылды. Ал сатр ("сатр" - хиджабтың бір түрі) спорттың кейбір түрлерінде жарысқа кедергі келтіреді", - деді ол.
Спортшылардың этикалық кодекс жобасын талқылау кезінде мамандардың ұсыныстары мен пікірлері ескеріледі, оның ережелерін спортшылар мен бапкерлер сақтауы міндетті.
Спортшылар үшін этикалық кодекс дайындау мәселесі биыл 23 наурызда күрес жарысында көтерілген. Сол кезде Комроншох Устопириён ебедейсіз қылық көрсеткені үшін екі жылға спорттан шеттетілді.
Бірнеше жыл бұрын "Хайра" клубының футболшысы Павриз Тұрсыновты сақалы үшін ойынға қоспай қойды. Сол кезде тәжік қоғамы мұндай тыйымды сынаған болатын.