РЕСЕЙДЕ 2016 ЖЫЛҒЫ ЕҢ ҮЗДІК ЖҰП БАЙҚОҢЫРЛЫҚ ОТБАСЫ БОЛДЫ
Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Ресейдің үздік жұбы» ұлттық сайысының жеңімпазы – байқоңырлық Абдрахмановтар отбасы салтанатты түрде марапатталды, - деп хабарлайды «Қазинформ» тілшісі.
Осыған дейін Эльзар және Анастасия Абдрахмановтар «Байқоңырдың ең үздік жұбы» сайысының жеңімпазы атанып, 31 наурызда Мәскеуде өткен «Ресейдің ең үздік жұбы-2016» жарысының ақтық мәресіне жолдама алған.
Сайысқа Мәскеуден, сонымен қатар Якутия, Қалмақия, Ярослав облыстары және Перм өлкесінен келген үздік жұптар бақ сынады.
Тартысты өткен бәскеде Эльдар мен Анастасия қазылар алқасының көңілен шығып, өздерінің таланты арқасында көпшіліктің көзайымына айналды.
«Ресейдің ең үздік жұбы» атағын иеленген отбасын Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко құттықтап, естелік сыйлық берді.
Элдар мен Анастасия тек өз отбасыларын ғана емес, Байқоңыр қаласының намысын қорғағандығын айтады. «Біз «Ресейдің үздік жұбы» атағын алғанымызға қуаныштымыз. Байқоңырда өмір сүріп, жұмыс жасап жүргенімізді мақтан етеміз» ,- дейді Элдар Абдрахманов.