ЖАҚЫН УАҚЫТТА ТЕҢГЕ БАҒАМЫ БІР ҚАЛЫПТЫ БОЛМАҚ – ҰЛТТЫҚ БАНК
Бұл туралы бүгін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлімдеді. Сондай-ақ ол ел арасында «доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 400 теңгеге дейін жетуі мүмкін» деген қаңқу сөзге құлақ түрмеуге шақырды. Қазірде Ұлттық банкте теңге мен өзге де шетелдік валюта қоры жеткілікті, - деді қаржыгер. Сонымен қатар Үкіметтің жаңа экономикалық саясатын қолдау аясында несие алғандарға біршама жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен ипотекалық несиеге жүгініп, төлеуден қиналғандарға қайта қаржыландыру мәселесі жолға қойылған.
- Ақша айырбастау пункттеріндегі бағамдар тек жұмыс уақытында ғана өзгереді. Ал алдағы демалыс күндері барлық айырбастау пункттері жұма күнгі бағаммен есеп айырысуы тиіс. Яғни жұмыс күндері сағат 6-дан кейін айырбас бағасы бір қалыпты болмақ, - деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков.