Қызылордада 18 кәсіпорын салық төлеуден қасақана жалтарған
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу аясында мемлекет қаржысын игеріп, салық төлеуден қасақана жалтарушылар азаймай отыр. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасы мәлімдеді.
Аймақта мемлекеттік сатып алу шеңберінде 13,8 млрд теңге қаржы игерген 18 кәсіпорынның салықтан жалтарғаны салықтық камералдық бақылау арқылы анықталды. Нәтижесінде 14 салық төлеуші 159,8 млн теңгеге қосымша салық есептілігін тапсырып, бұл қаражат бюджетке өндірілді.
«Күмәнді, жалған кәсіпкерлік белгілері бар фирмалармен өзара есеп айырысқан 4 кәсіпорынға салықтық тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде 88,1 млн теңге қосымша есептелініп, мемлекет қоржынына өндірілді» деп мәлімдейді басқарма мамандары.
Мамандар бұл бағыттағы жұмыстар әлі де, жалғасын табатынын айтуда. Сондай-ақ мемлекет қаржысы қатаң бақылауда екенін ескертеді.