«Жерге қатысты ақпараттың ашық болуы өте орынды» - Нұрлан Іздібаев
Жерге қатысты ақпараттың электронды және ашық болуы өте орынды. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен «Жер ресурстарын тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде талқыланған ұсыныстарға қатысты Қармақшы ауданы Ақтөбе ауылының шаруашылық жетекшісі Нұрлан Іздібаев осындай пікір айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
«Мұхтар Тайжанның жерді қазақстандықтарға жалға беру туралы ойын құптаймын, ең бастысы есебі болу керек. Дегенмен, жерін игеріп өндірісін іске қосқан, өнім шығарып жатқан Қазақстан азаматтарына жерді меншігіне беру де дұрыс шығар. Өйткені қаржы салатын адам ертеңгі күніне күмәнданбауы керек», - дейді Н.Іздібаев.
Оның айтуынша, жерге қатысты ақпараттың электронды және ашық болуы өте орынды.
Айта кетейік, бүгін, 15 ақпан күні ҚР Парламенті Мәжілісінің алаңында Мұхтар Тайжан бастаған қоғам қайраткерлері тобының бастамасымен жер ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. Онда М. Тайжан жер пайдалану құқығына қатысты мәмілелер жасауға заңнамалық шектеулерді алып тастау арқылы нарықтық айналымға тарту үшін ауыл шаруашылығы жерлерін жалға алу институтын жетілдіруді қарастыратын заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.