ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағытында өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Яғни, облыстың ауылшаруашылығы өнімдерін өткізу нарығына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасы әзірленген.
Соның нәтижесінде, 2017 жылы 84,6 мың тонна күріш сырт елдерге экспортталған. Күріш экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 61,1 пайызға, жалпы ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау 60 пайызға артқан.
Агрокарта аясында жылдам дамытуды қажет ететін салалар және ауыл шаруашылығы өнімдерін (күріш, балық, ет, бақша, т.б.) экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған.
Бұл Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарығында талап етілген өндірісті ынталандыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді деген сөз. Өйткені, Елбасы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы 5 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, өңдеу саласына көп көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Елбасының тапсырмасына сай, өңделген өнімдерді экспортқа шығару көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту талап етіледі. Әрі былтыр облыста күріш, қауын-қарбыз, пияз, болгар бұрышы секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау 37 пайызға өскені белгілі болды. Яғни, 89,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері шетел асқан.
Оның ішінде, Жаңақорған ауданының үлесі қомақты. 2018 жылы да оңтүстіктегі ауданның экспорттық әлеуеті арта түсетіні айқын.
Түйіндей айтқанда, экспорттың көлемін арттыру әлемдік нарықта еркін және бәсекелестікке төтеп бере алатын тауар шығаруға ынталандырады. Яғни, отандық өндірістің екінші тынысы ашылып, көкжиегі кеңейеді.
Тек, халықаралық қауымдастықтың талабына сай өнім шығарып, ұсына білсек болғаны. Бұл орайда, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай жасады. Енді жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандардыңіскерлігін шыңдай түседі.
Бұл өз кезегінде Елбасы Жолдауында айтылған бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендінқалыптастырып, ілгерілеуге мүмкіндік береді. Шетел нарқын бағындыруда жаңақорғандық кәсіп иелерінің де өзіндік орны айрықша.