АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІНІҢ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштерде 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда өсу деңгейі артты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық статистика департаментінің басшысы Мариям Баекеева мәлімдеді.
Айталық ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі есепті кезеңде 30,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1 пайызға жоғарылаған.
– Облыс бойынша 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік алқабы 177,3 мың гектар жерге орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға кем. Алқаптардың көп бөлігі – 53,7 пайыз дәнді дақылдардың, 32 пайыз азықтық дақылдардың, 4,2 пайыз бақша дақылдарының үлесінде, - дейді департамент басшысы.
Сонымен қатар, шаруашылықтың барлық санаттарында, құс саны – 23,5 пайызға, түйе – 5,7 пайызға, жылқы – 3,9 пайызға, ірі қара мал – 7,1 пайызға артқан. Мал мен құстардың барлық түрлерінің тірідей салмақта шаруашылықта сойылуы және өткізілуі 21,7 мың тоннаны құрап отыр.
Сиыр сүтінің өндірісі – 54,6 мың тоннаны құрап, 2 пайызға, өндірілген тауық жұмыртқасы – 31,6 пайызға өсіп, 5 036,8 мың дананы құрады.