ЭКСПОРТ ӘЛЕУЕТІ: 1445 ТОННА ҚАРБЫЗ ШЕТЕЛ АСТЫ
«Бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын». Бұл Президент пәрмені. Биылғы Жолдаудағы он басымдықтың бірі – экспорт әлеуетін арттыру. Яғни, Мемлекет басшысы отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегилық жолын тауып, ілгерілетуді айрықша атады.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және Даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда 2 млрд долларға жуық 114 млн тонна азық-түлік тауарлары экспортталған. Атап айтқанда, Ауғанстанға, Біріккен Араб Әмірлігіне, Иранға, Қытайға өсімдік майы мен бал, ет және құс өнімдеріне сұраныс артқан. Оның ішінде, Жаңақорған ауданынан бір ғана «Көбелдес» шаруа қожалығы Иранға 850 бас қозы экспорттаған. Сондай-ақ Жаңақорған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алған мәліметке сай, өткен жылы жалпы 1130 бас қозы Иран мен Біріккен Араб Әмірлігіне, 288 бас қаракөл қойы Маңғолияға экспортталған. Жайылманың бренді болған бақша өнімдері де шетел асқан. Жалпы, аудан бойынша 4854 тонна бақша өнімі экспортталса, оның 4754-і жайылмалық диқандардың дәмді қауын-қарбызы. Ал, биыл бұл межеге жете аламыз ба? Біз осыны бағамдадық.
Жаңақорған аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Серік Сейдуалиевтің айтуынша, биыл 1720 гектар аумаққа бау-бақша өнімі егіліп, бүгінгі таңға дейін 996 гектардан 2430 тонна өнім жиналған. Оның ішінде, Жайылма, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған ауылдары белсенді екен. Ал оның ішінде 1445 тонна қарбыз, 1,5 тонна қауын алыс-жақын шетелге экспортталған. Бұл бүгінге дейінгі мәлімет. Жиын-терім маусымы әлі толық аяқталмағандықтан алдағы уақытта бұл сандар еселеп өсетін болады. Сонымен қатар, Рахымбаба Құтыбаев төрағалық ететін «Ынтымақ» ЖШС жақын арада Иран еліне 1000 бас қой экспорттауды жоспарлап отыр екен.
– Жайылма ауылы қашанда бақша және көкөніс өнімдерімен танымал. Жылдан жылға бақша дақылдарын ерте пісірудің әдісін дамытып, көшеттеп егу тәсілін қолға алғалы жақсы нәтиже беруде. Және де аудан әкімі Ғалым Әміреевтің бастамасымен ауыл диқандары өз өнімдерін Жаңақорған кентінен, Қызылорда қаласынан, ауыл іргесіндегі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойынан арнайы ашылған базарда саудалауға мүмкіндік алды. Оған қоса, жайылмалық диқандар Ресейге 1445 тонна қауын-қарбыз экспорттады. Бұл да болса, брендті бақша өніміне шетел нарқында сұраныстың мол екенін байқатады – дейді Жайылма ауылдық округінің әкімі Талғат Зейдалиев.
Иә, жайылмалық диқандардың биыл қарбыздың келісі көңілдегі бағада саудалауын ала жаздай еткен еңбек пен төккен терінің өтеуі деп білеміз.