ШАЛҚИЯ – ЖАҢАРУ, ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА
Қазақстанның экономикалық қуатын арттырып, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруда үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы маңызды рөл атқарады. Бағдарлама аясында жаңартылып, жаңғыртылатын бірегей жобаның бірі – Шалқия кеніші. Ол «Қызылорда облысында тау-кен металлургия кешенін дамытудың жол картасына» енген үш ірі жобаның санатынан. Мырыштың қоры мен көлемі жағынан әлем бойынша төртінші орынды алатын кеніште бүгінде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Біз сондай жұмыстармен танысып қайтқан едік.
Бүгінде Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы алудың соңғы кезеңіне келіп тұрған кеніштің тірлігі қайнап жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін аталмыш банк арқылы толықтай қаржымен қамтамасыздандыру жоспарланған. Ал, оған дейін «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ-ның қаржысы есебінен кенішті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
– Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қорының қаржысы есебінен кенішті сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталуға жақын. Ол үшін Жаңақорған кенті мен Құттықожа ауылынан екі топтық су құбыры тартылуда. Сонымен қатар, алдағы уақытта салынатын кеніш пен кен-байыту фабрикасын жанар-жағармаймен қамтамасыз ететін жанар май қоймасы мен май құю бекетінің құрылысы аяқталуға жақын, – дейді «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның басқарма басшысының кеңесшісі Нәжмадин Мұсабаев.
Оның айтуынша, жер астындағы сарқынды суларды биологиялық тазалау станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Облыстық бюджеттен қаралған қаржыға «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолынан Шалқия кенішіне дейінгі 15 шақырым жол салынып, жаңғыртылуда. Ал, кеніштің аумағындағы жолдар да қайта жөнделуде екен.
Сондай-ақ, шахтада жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Дегенмен, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаржысы бөлінген уақытта екі бас мердігер анықталып, жұмыс одан әрі жандана түспек. Бас мердігердің бірі – жылына 4 млн. тонна руданы байытатын кен-байыту комбинатының құрылысымен айналысса, екінші бас мердігер – кенішті қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыратын болады. Яғни, екі мердігердің жұмысы қатар жүзеге аспақ.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырғандай, индустриялық-инновациялық бағдарлама арқылы экономикалық саясаттың жүйелі шаралары қолайлы макроортаны және инвестициялық ахуалды қалыптастыруға, ұлттық экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі арттырылады. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асатын кен-байыту фабрикасы құрылысының бірінші кезеңі біткен кезде кенішті қайта жаңғырту жұмысы қосымша жүреді. Қазір соған дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қос мердігер жұмысты бастағанша біз кенішті сумен, газбен, жолмен және электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысып жатырмыз, – дейді «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның басқарма басшысы Асқар Аманкелдіұлы.
Басшының сөзінше, қазіргі уақытта шахтаның ішіндегі барлық су тазартылып болған. Екі аймақта жұмыс жасалуда. Рудалар дайындалып жатыр. Бірақ әзірге сыртқа шығарылмаған. Кенішті және кен-байыту фабрикасының бірінші кезеңін 2019 жылдың аяғы мен 2020 жылдың басына дейін іске қосу көзделуде. Сол кезде комбинаттың жылына 2 млн. тонна кен өңдеп шығаратын мүмкіндігі болады. Ал, 2021 жылдың аяғына дейін екінші кезеңін іске қосу жоспарланған. Комбинат толықтай жоспарлы өндірістік қуатына кіріскенде жылына 4 млн. тонна қорғасын-мырыш концентраты өндірілетін болады.
– Осы бастапқы екі кезеңі біткеннен кейін металлургиялық комбинат салынуы да мүмкін. Ол – болашақтың ісі. Металлургиялық комбинат салынса, Шалқия кеніші қорғасын-мырыш концентратын ғана шығарумен шектелмей, қорғасын мен мырыш металл күйінде шығатын болады, – дейді Нәжмадин Түркбенұлы.
Иә, қуаттылығы жылына 4 млн. тонна қорғасын-мырыш өндіруге қауқары жететін, жалпы құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын «Шалқия» кенішінде бүгінде 725 азамат жұмыс жасауда. Жылдың соңына дейін мердігерлер анықталған соң, құрылыс ауқымы кеңейіп тағы да 1500 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ал, құрылыс жұмыстары біткен соң, тағы да 1500 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамсыздандыру көзделген.
А.АЛДАНАЗАР.