КӘСІПКЕРЛІК КӨЗІ – АУЫЛДА
Елбасы халыққа арнаған бір сөзінде «Боинг» ұшағын құрастырып америкалықтардан, «Мерседес» шығарып немістерден оза алмайтындығымызды айтқан болатын. «Ұлан-ғайыр жері бар Қазақстанда әлемдік нарыққа еркін шығатын бір жол бар, ол ауыл шаруашылығы саласы», - деді.
Шынымен де ата кәсібі төрт түлікпен байланысты қазақ жұрты бүгінде шағын несие көмегімен мал шаруашылығын дамытуға басымдық берді. Мұндай бастама Арал ауданына қарасты Шижаға елді мекенінде де ширай түскенін байқадық.
Шижаға – екі мыңнан аса тұрғыны бар ауыл. Ауылдағы ағайынның негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Далалық жердегі ұсақ шаруашылықтарды біріктіріп, кооперативке айналдыру ауыл шаруашылығының өз деңгейінде дамуына жол ашады.
Шижағада бұл бастама тиімді іске асуда. Жекеменшік мал өсіретіндердің шығынын азайтып, табысын еселей түсу мақсатында құрылған «Шижаға 16» кооперативі қазіргі кезде 53 ұсақ қожалықтың басын біріктіреді. Өткен 2017 жылы кооператив құрамындағы 19 кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
– Биыл «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының филиалына түйе малын өсіру бағыты бойынша 2 жоба ұсынылды. Жуырда Әбу Мінәсіповтің жобасы қолдауға ие болып, 2 млн теңге қаржыға қол жеткізді. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасымен жылқы өсіру бағыты бойынша және тігін цехын ашу жобалары комиссия қарауына ұсынылып жатыр, – дейді ауылдық округ әкімі Нұрбек Жандәулетов.
Бұған қоса, тіректі елді мекенде «Гранттық қаржыландыру» жобасы аясында 3 жоба ұсынылған. Нәтижесінде, Ерболат Абдулаевтің «Вулканизация ашу» бастамасы 700 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға ие болды.
Қазіргі кезде кәсіп ашуға ниеттілермен қатар ауылдан түлеп ұшқан азаматтар да Шижағадағы қызмет көрсету саласын дамытуға басымдық берген. Айталық, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәдуақас Бабасов жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жаңа спорттық кешеннің жобасын, құрылыс бағасын, жобалық зерттеу және мемлекеттік сараптама жұмыстарын өз қаражаты есебінен жасап беруде. Елге белгілі спорт саңлақтарының басым бөлігі ауылдан шығатынын ескерсек, бұл істің сұранысқа орай ұтымды ұсыныс болғаны анық.
«Жұмысы жемістінің өмірі келісті». Бүгінге дейінгі тәжірибелер көрсеткендей, Шижағада да шағын несиеге қол жеткізген азаматтардың бизнесі береке мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны анық.