КҮННЕН ҚУАТ АЛҒАН ҚОЖАЛЫҚТАР
Жасыл экономика – бұл адам өмірінің ұдайы өндірісіне қажетті табиғи негізді бұзбайтын, биосфераның шаруашылық сыйымдылығы шеңберінде дамитын экономика. «Жасыл экономика» тіркесі тілдік айналымға енгелі қашан?
Нақты кезеңде экономикалық дамуға бағыт ұстаған мемлекеттеррдің барлығы баламалы энергия көздерін пайдаланудың ұтымды жолдарын іздестіруде. Кейінгі жылдары біздің елімізде де күн сәулесін, жел күшін пайдаланып, энергия өндіру күн тәртібіне қойылды. Сыр өңірінде де жасыл экономика игілігін көріп отырған жандар аз емес.
Біз өткен жолы желдің күшін кәдеге асырған қармақшылық кәсіпкер жігіт туралы жазғанбыз. Баламалы энергияға ден қойғандардың қатарында жаңақорғандық кәсіпкерлер де бар. Олар бүгінде күн энергиясынан қуат алып отыр.
Мәселен, Жаңақорған ауданы Жайылма елді мекеніндегі «Ақбота-2» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Мұсатаев күн энергиясынан қуат алатын қондырғы орнатқан. Төрт түлікті түлетіп жүрген азамат осылайша жаңа технологияға мән беріп, қажетіне жаратуда. Оның шаруа қожалығы «Ескітоған» жайлауында орналасқан. Іскер жігіт оның басына 4 бөлмелі үй салған. Онда үйге қажетті техникалық бұйымдар күн энергиясы көзінен қуат алатын қондырғы арқылы жұмыс жасайды.
– Жаңақорған жері – баламалы қуат көзін алуға таптырмас мекеннің бірі. Оған жыл он екі ай мүмкіндік бар. Рас, қуат көзін алу үшін бастапқыда шығын шығаруға тура келеді. Десе де, кейіннен сол игіліктің жақсы тұстарын көресің. Қазір күн батареясынан жиналған энергия қосымша орнатылған 6 қуат жинағыш құрылғыға жетеді. Сол арқылы қуат көзін аламыз. Бұл бізге өте тиімді, – дейді Қайрат Мұсатаев.
Шаруашылық басшысы жабдықтарды Қызылорда қаласынан сатып алған. Оны мамандар арнайы келіп, орнатып беріпті. Осылайша 8 дана күн энергиясының панельдері энергияға деген сұранысты өтеп отыр.
Осындай игілікке аталған ауданның Қыраш ауылында тұратын Жалбызбай Итаяқов та қол жеткізіп отыр. Бүгінде ол баламалы қуат көзінен алатын энергия арқылы үлкен аумақты жасыл баққа айналдырған.
Жалпы, аталған ауданда алғаш болып, күн энергиясынан қуат алатын батареяны орнатқан жаңашыл жан – осы Жалбызбай Итаяқов. Нақты кезеңде ол құдық моторынан бастап, үйге қажетті жарықтандыру жұмысының барлығын осы қуат көзімен қамтамасыз етуде.
– «Мал баққанға бітеді» демекші, ертелі-кеш түліктің қамын жасап, шаруашылыққа айналдырдық. Одан кейін жеміс талдарын бақ еттік. Ендігі кезекте, ағымына ілесіп, заманауи технологияларды ауылға икемдеп, баламалы қуат көзін пайдаланып жатырмыз. Бұл, елсіз жерде, шаруа баққан жанға таптырмас мүмкіндік екен, – дейді шаруашылық иесі.
Міне, жаңақорғандықтар күннен энергия алып, мәселесін жаңашылдықпен шешіп отыр. Қолда бар дүниемен қарекет жасап, көпке үлгі болып отырған азаматтардың бұл ісіне қалай сүйсінбейсің енді?!