ЦИФРЛАНДЫРУ: АЙМАҚТА 37 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛУДА
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Smart city» концепциясы шеңберінде биыл Қызылорда облысында цифрландыру бойынша жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 37 жоба іске асырылу үстінде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Бұл жобалар 8 бағытты құрағанмен білім беру, денсаулық сақтау, көлік қатынасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және адамдардың қауіпсіздігі басым бағыттарға ие болады.
Мысалы, облыстың барлық медициналық ұйымдары кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне қосылып, пациенттерді қабылдау «Дамумед» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Осы жылғы 1 шілдеден бастап медициналық ұйымдарды «қағазсыз құжат айналымға» көшіру бойынша жұмыстар басталды.
Болашақта облыс тұрғыны республиканың қай түкпірінде жүрсе де электронды медициналық картасымен дәрігерге көріне алады. Сол секілді сәби дүниеге келгеннен үйге шығарғанша оған туу туралы куәлік, балабақша кезегіне қою және әлеуметтік жәрдемақы беру жөніндегі құжаттар дайын тұратын болады.