ИПОТЕКАЛЫҚ ЗАЙМ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілі Жұмажан Жүкенов пен банк омбудсманы Ерсерік Сиырбай Сыр өңіріне келген сапары барысында Елбасының «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылуы және ипотекалық займ мәселелері бойынша көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға ҚР Ұлттық Банкі Қызылорда облыстық филиалы және екінші деңгейлі банк басшылары арнайы қатысты.
Кездесуді облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев жүргізіп отырды.
Қабылдау барысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауы, «Бес әлеуметтік бастамасы», мемлекеттік және партиялық бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді және қала тұрғындарының өзекті сұрақтарына жауап берілді. Айта кетейік, қаланың кез-келген тұрғыны үшін өзіне қажетті сұрақтарын қоюға және тиісінше жауап алуларына мүмкіндік берілді.
Сонымен қатар, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын іске асыру барысы, тәртібі мен шарттары түсіндіріліп, азаматтардың жеке проблемалық сұрақтары, оларды шешу туралы Ұлттық Банктің және екінші деңгейлі банк өкілдерінің ұсыныстары қаралды.
Аталған бағдарлама мүмкіндігінше халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобының тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған, бұл ретте бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетілетін болады. Қабылдауға келген азаматтардың өтініштері бойынша білікті кеңестер беріліп, күрделі мәселелері партияның бақылауына алынды.
Сонымен қатар, республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі «7-20-25» бағдарламасының жүзеге асырылуы жөнінде «Банк Центркредит» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының жұмысымен танысып, бағдарламаға қатысушы азаматтармен кездесті.
Бағдарламаның жүзеге асырылуы барысында туындаған мәселелер бақылауға алынып, Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыруды бақылау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысының кезекті отырысында қаралатын болады.