БИЫЛ ОБЛЫСТА 5 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ
Бүгінгі таңда аймағымызда 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жаңа кәсіпорындар қолданысқа берілген кезде 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Биыл экспортқа бағытталған тағы 4 ірі өнеркәсіп өз жұмысын бастайды деп күтілуде.
Олар – "Хайси Дэшен сода саласы" қытайлық компаниясымен бірлескен кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт, тау-кен комбинатының құрылысы және ресейлік инвесторлармен бірлесе тұз өндіру зауыты, сондай-ақ, "Байқоңыр" ӘКК қатысуымен жылына 1500 тонна өнім өндіретін құс фабрикасы және "Баласауысқандық" ванадий кен орнында ванадий бес окисінің өндірісін айына 50 тоннаға дейін ұлғайту.
«Осы жылы біз 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 301 млрд. теңгенің 5 инвестициялық жобасын іске асыруды жоспарлап отырмыз», - деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким. Айта кетейік, 2017 жылы аммоний метаванадаты экспортталатын елдер қатарына Ұлыбритания да қосылды, өткен жылы кәсіпорын экспорт көлемін 3,2 есеге ұлғайтты. Сонымен қатар, жыл соңына дейін өңірде тағы 4 жоба іске қосылады.
Естеріңізде болса, 2016 жылдың қараша айында Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Лондонда сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының отырысына қатысты. Комиссия отырысында Қызылорда облысындағы «Баласауысқандық» кен орнында «Қара тақтатасты автоклавты қайта өңдеу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Нәтижесінде жобаның ІІ және ІІІ кезеңдерін 125 млн АҚШ доллары көлемінде инвестормен қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Нақты кезеңде құрылтайшысы «Ferro-Alloy Resources Limited» компаниясы болып табылатын «Фирма Балауса» ЖШС Шиелі ауданындағы Баласауысқандық кен орнында құрамында ваннадий бар кварцтарды өндіру және қайта өңдеу бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда кәсіпорын құрылысында 150 адам жұмыс істейді. Ал зауыт пайдалануға берілген кезде 650 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Өндіріске отандық ғалымдардың посткеңестік кеңістікте ғана емес, алыс шетелдерде де жоғары бағаланған жаңа зерттемелері енгізілді. Бұл жаңа технология бойынша 13 патент алынған. Қазақстандық аммоний метаванадаты, «қызыл сүзінді», феррованадийдің алғашқы тонналары алынды. Аммоний метаванадатының алғашқы партиясы АҚШ, Тайвань және Ресейге жіберілді.
«2018 жылы 102 млрд. теңгенің 4 жобасы іске қосуды межелеп отырмыз. 650 жұмыс орны ашылады. Бұл молибден үш окисі өндірісі, тампонажды цемент және шыны шығаратын зауыттар, сондай-ақ, балық өңдеу цехы. Бұл еліміздегі ірі өндіріс орныдары, экспортқа бейімделген және жаңа технологияларды қолданатын кәсіпорындар болады», - деді Евгений Ким.
Сонымен қатар, Қытай, Иран, Түркия және Татарстан елдеріндегі шетелдік әріптестермен 9 бастамалы инвестициялық жобаны бірлесе жүзеге асыру жоспарлануда. Қытай тарапымен 4 жобаны: күн панелдері, смартфондар мен планшеттерге арналған аса жұқа әйнек өндірісі; күн және су электрстанцияларының құрылысы; тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Түрік елімен 3 жоба, оның ішінде "Юлдызлар ССС холдинг" компаниясымен қуаттылығы 138 мВт болатын газ поршенді электр станция мен керамикалық плита шығаратын зауыт құрылысы, сондай-ақ, түркиялық "Tat" компаниясымен бірігіп томат пастасын өндіруді жүзеге асырамыз.