ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ – ӨРКЕНДЕУ ӨЗЕГІ
Қызылорда облысы жалпыөңірлік өнім бойынша соңғы 4 жылда, алғаш рет оң векторға шықты. Бір ғана өңдеу өнеркәсібі саласының өндіріс көлемі осы жылдары 56%-тен асып түсті.
Яғни, соңғы жылдары көмірсутегі және уран өнімдерінің бағасы түсіп кеткеніне қарамастан, жақсы өмір сүріп, қарқынды дамуға болады. Қазір өңір экономикасының көмірсутегі шикізатына тәуелділігі едәуір азайды. Айтарлықтай төмендеді.
Биылғы жартыжылдық та облысымыз үшін табысты болды. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша жағымды оң динамикаға қол жеткіздік.
Оның ішінде инвестициялар көлемі (117,2%), құрылыс жұмыстары (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (102,7%) және өңдеу өнеркәсібі көлемі (100,5%) жоғары.
Ал, өңдеу өнеркәсібі саласындағы еңбек өнімділігі биылғы бірінші тоқсанның өзінде 10%-тен асса, шикізаттық емес өнім экс¬портының көлемі 2,7 есеге көбейді. Тау-кен (122,8%) және өңдеу өнеркәсіптеріне (3,1 есеге өсу бар) салынған инвестициялардың оң динамикасы мен мұнай нарығына қатысты жағымды болжам жасалып отырғанын және жыл соңына дейін 36 көпқабатты тұрғын үйлердің берілетінін ескерсек, жылдың аяғына дейін осы екі көрсеткіш бойынша да өсім қамтамасыз етіледі деген сенімді болжам бар.