ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА АЛҒАШҚЫ НЕСИЕ БЕРІЛДІ
Шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Майра Жұбаназарованың жобасын жүзеге асыруға 1,5 млн.теңге көлемінде несие қаражаты бөлінді. Кәсіпкер несиені айналым қаражатын толықтыру мақсатымен «ҚазақстанХалықБанкі» АҚ 8,5%-бен рәсімдеді.
Еске сала кетсек, Қызылорда облысының әкімдігі мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры бірлесе отырып, ынтымақтастық келісімге қол қойған болатын. Шарт аясында шағын және орта бизнес өкілдерін қаржыландыруға 1,5 млрд.теңге бөлініп, «Халық Банкі» АҚ, «Банк Центр Кредит» АҚ және «Казкоммерцбанк» секілді екінші деңгейлі банктерге орналастырылды. Өңірлік бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлер айналым қаражатын толықтыруға және инвестициялық мақсатқа 180 млн. теңгеге дейін пайыздық үстемесі төмен, жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Несие қаражаты 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Егер кәсіпкердің екінші деңгейлі банктен несие алуға кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда, оның «Бизнестің Жол Картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында ішінара кепілдендіру құралын пайдалануға мүмкіндігі бар. Кепілдеме жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге 50%, бастауыш кәсіпкерлерге 85% дейін беріледі.
Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктер тарапынан қаржыландыруға жалпы құны 285 млн.теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданса, 17 жоба қарастыру үстінде.