5 қараша: Атаулы күндер мен оқиғалар
Жыл сайын осы күні әлем халқы ескі суреттерді түгендеу мерекесін атап өтеді. Бұл күнді естеліктер мерекесі деп те атауға болатын сияқты. Себебі қалың альбомдардың арқасында жасы үлкендер өткен өмірлеріндегі ең қызықты сәттерді еске түсіріп жатады. Әр адамның балабақшаға, мектепке барарда, диплом алған кезде түскен суреттері бары сөзсіз.
1938 жылы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәмит Далдабаев дүниеге келген.
1993 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» №1394 қаулысы шықты.
1997 жылы Сара Назарбаеваның бастамасымен Алматы қаласында Қазақстанның барлық өңірлеріндегі әлжуаз балалардың денсаулығын нығайтуға арналған «Республикалық балаларды сауықтыру орталығы» ашылды. 1999 жылдың желтоқсанында балалар кешенінің атауы «Бөбек» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы» деп өзгертілді.
2001 жылы Қызылорда «Қызылордақұрылыссервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны құрылды.
2004 жылы Қызылордадағы көшенің біріне Сағымбай Рысбаевтың есімі берілді.
Ол өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары қала басшысының қызметін атқарған, маңайдағы ауылдарының біріндегі қоймада сақталған 5-6 тонна тарыны аштықтан қиналғандар арасында бөліп бергені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған. Сағымбай Рысбаев Сәкен Сейфуллинмен және Бейімбет Майлинмен тығыз достық қарым-қатынаста болған екен.
2009 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер үкіметтері арасындағы келісімдерді бекіту және кеден істеріндегі өзара жәрдем туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2009 жылы Қазақстанда биометриялық төлқұжаттар беріле бастады.
Жаңа төлқұжаттың соңғы парақшасында электронды чип бар. Онда тегі, аты, әкесінің аты, жынысы, туған күні мен жері, азаматтығы, төлқұжат нөмірі, құжат берілген және жарамдылық уақыты, жеке идентификациялық нөмір, фотосы мен иесінің қолтаңбасы бар. Электрондық биометриялық құжат Қазақстаннан өзге әлемнің 17 елінде бар.
2015 жылы «Көктал» полигонында Қазақстан мен ҚХР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің лаңкестікке қарсы алғашқы бірлескен жаттығуы өтті.