9 қазан: Атаулы күндер мен оқиғалар
Дүниежүзілік пошта күні
1957 жылы болған бүкілдүниежүзілік пошта одағының 14-ші конгресінің шешімі бойынша, 1874 жылы пошта одағының құрылған күніне орай аталып өтеді.
1992 жылы тарихшы Халифа Алтайға «Ата жұрттан Анадолыға дейін» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының «Алаш» сыйлығы берілді.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы Киров ауданы - Асықата ауданы (қазір Мақтаарал ауданына қарасты кент), Алғабас ауданы - Бәйдібек ауданы болып өзгерді.
2000 жылы «Астана мұнарасы» кешені пайдалануға берілді. Ол 21 қабатты бизнес орталығынан және 3 қабатты «Рамстор» гипермаркетінен тұрады.
2006 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының орталығы - Жалағаш кентіндегі алаңға Кенесарының азаттық күресіндегі басты батырлардың бірі - Бұқарбайға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш авторы, белгілі мүсінші Мұратбай Үмбетовтің айтуынша, оның аяғының жанында жатқан жолбарыс батырдың жас кезіндегі қаймықпайтын жүректілігі туралы аңызға орай алынған. Ел аңызына қарағанда, жолбарыс ұлтжанды батырдың түсінен шықпайтын аруақты серігі болғанға ұқсайды. 2008 жылы Қазақстан Республикасында алғаш рет «Қазпошта» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Бірінші республикалық пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар съезі» болып өтті. Съезд барысында «Қазақстанның пошта маркаларының коллекциясын жинаушылар одағы» қоғамдық бірлестігін құру ұйғарылды.