Сүйінші! "Қорқыт ата" кітабының үшінші нұсқасы табылды
Ирандық коллекционер Вели Мухаммед Ходжа «Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасы қолына тигенін сүйіншіледі. Жақсы жаңалығымен ол түркітілдес елдердің өнер фестивалі аясында Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда бөлісті. Әке өсиетімен құнды жәдігер жинау ісіне ден қойған ол даналық дастанының үшінші нұсқасын тауып отыр. Бағзы заманнан келе жатқан мәдениет куәсі коллекционердің қолына кездейсоқ тиген.
Бір жылдары түс көрдім. Түсімде Қорқыт ата қолымнан ұстап, жоғары шығарды. Бұл қалай болғаны деп таңырқап қалдым. Арада екі-үш ай өткен соң әдеттегідей Иранның астанасы Тегеранға барып, ескі кітаптар сатып алдым. Кейіннен су алу үшін бір дүкенге кіргенім сол еді, бір адам матаға оралған бір кітапты көрсетіп, сатамын деді. Қарасам, кітаптің мәтіні әдемі жазылған. Бірден-ақ басылған кітапты алмайтынымды, тек қолжазба жинайтынымды айттым. Бір кезде дүкенші де келіп, әлгі кітапты ұстап көрген соң, «Мына жазбаны түсініп болмайды екенсің, алғаның дұрыс. Бұл – қолжазба кітап» деді. Сонымен әлгі жерде кітапты бар болғаны 35 түменге (300-400 теңге шамасында) сатып алдым. Ал содан кейін көне тілдерді түсінеді-ау деген адамдарға әлгі кітаптың көшірмесін жібердім. Арада сегіз айдай уақыт өтті, хабар жоқ. Кейіннен Түркиядағы білімді досыма жібердім, ол ғалым Сема Барутчуға көрсететінін айтты. Сема Барутчу мұның құны жоғары, өте маңызды қолжазба екенін жеткізді. Қуанғаным соншалық өзім білетін бірнеше білімді адамдарға тағы хабарластым. Осыдан кейін-ақ Түркия, Америка секілді елдерден 8 адам бірінен кейін бірі Түркістаннан, кейбірі Әзербайжаннан «Қорқыт атаның кітабын таптық» деп газет-журналдарға шыға бастады – деді ол "Сыр бойы" газетіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұған дейін табылған Қорқыт ата кітабының екі нұсқасы бар. Бірі Германиядағы Дрезденде болса, бірі Италиядағы Ватиканда сақталған. Дрезден нұсқасында 12 сюжет, Ватикан нұсқасында соның алтауы бар.