Қызылордалық Қиянбековтер әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жүлдегер атанды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Бүгін елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қорытынды концерті өтіп, республикалық кезеңге жолдама алған отбасылар марапатталды.
Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына 3204 отбасы қатысқан. Алты жылда аталмыш конкурста 15 197 отбасы бақ сынапты. Оның 62 пайызы – ауыл жанұялары, 3 пайызы – көпбалалы отбасылар, 18 пайызы – жас ошақтар, 17 пайызын еңбек династиялары құраған.
Жылдағыдай бұл жолы да еліміздің ең «Мерейлі отбасын» анықтауға барша қазақстандықтар атсалысты. SMS-пен және интернет арқылы дауыс беру нәтижесінде жеңімпаздар анықталған.
Нұр-Сұлтан төріндегі байқауда қасиетті өңіріміздің атағын аспандатқан аталған әулет облыстық кезеңге қатысқан 372 отбасының арасынан жеңімпаз атанып, республикалық кезеңіне жолдама алған.
Қиянбековтер отбасы шаңырақ көтерген 53 жылда 10 баланы өсіріп, ұядан ұшырған. Бүгінде 45 немере, 16 шөберенің қызығына тоймай отырған бақытты әулеттің бәйтерегі Әмір ата Шиелі ауданының құрметті азаматы атанған. Еңбек жолын 1959 жылы механизаторлықтан бастаған. «Гигант» колхозында механизатор болып істеген. Әскер қатарында жүріп, Архангельск облысының комсомол комитетінің грамотасымен марапатталған, «Әскери бөлімшенің алтын кітабына» енген.
Әмір ақсақал «Құрметті механизатор», мемлекеттік дәрежедегі юірқатар орден-медальдармен марапатталған.
Отанасы Қалкүл Бәкірқызы болса «Еңбек Ері» орденімен, «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған.
Қиянбековтер отбасының бір қызы және келіні «Алтын алқа» иесі болса, тағы бір келіні «Күміс алқамен» марапатталған.
– «Бақ, қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген сөзде үлкен ой жатыр, – дейді өнегелі шаңырақ иесі. – Әр азамат өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігін терең түсінсе, тәлім-тәрбие ісіне жауапкершілікпен қараса бақ та, дәулет те орайымен келеді. Отасқандарына ширек ғасырдан асқан шаңырақ саясы мол алып бәйтерекке айналған.
Айтары жоқ, бүгінде жас шаңырақтар жиі шайқалып жүр. Статистикалық мәліметтер көңіл құлазытады. Кеше ғана «сүйдім-күйдім» деп жандары қалмай табысқан жандардың жыл айналмай жатып жолдарының екіге айырылуы қоғам қасіретіне айналып барады. Арада көзі жәудіреп жүрегі қан жылап қалған сәбилердің қандай жазығы бар еді?!
Бабаларымыз отбасы құндылықтарына берік болған. Ажырасу некен-саяқ еді. Отағасы жазатайым өмірден өтсе балалары ауыл болып қамқорлыққа алынды, жесіріне жағдай жасалды, елден кетпеді. Оларды ешкім өзектен тепкен жоқ. Жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы ұлттық тәрбиенің түп-тамырын ата-баба дәстүрінен іздейді. Отағасы мен отанасына шаңырақтың берекесі – ұлттық құндылықтардан ажырамауды аңғартады. Анасы мықты елдің керегесі кең, шаңырағы биік, ырысы мол екенін ұқтырады. Аллаға шүкір, бақыттымын, – дейді Әмір Қиянбеков ақсақал.
Әмір ақсақал 1940 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген отағасы 19 жасынан бастап механизатор болып еңбек еткен. Әмір Қиянбеков тура 36 жыл бойы трактор мен комбайндар айдап, жұмыс істеген. Ол 1995 жылы зейнетке шығады.
Ал 1948 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Қалкүл апа аспазшы болып жұмыс істеген. Қалкүл Жүсіпбекованың көпшілдігі мен ибалылығы болашақ жарының жанын елжіретіп, бірден жүрегін баурап алған екен. Сөйтіп, Қалкүл апа отағасының қамқорлығы мен парасаттылығы және мейірімділігін байқап, небәрі 19 жасында, яғни 1967 тұрмысқа шығып, екеуі шаңырақ көтереді. Қазіргі кезде көргені көп, түйгені мол әулет иелері өмірдің талай ащысы мен тұщысы бірге өткізіп келеді.
Ардақты ананың қыздары мен келіндері де ана жолын қуып, «Алтын», «Күміс алқа» иегерлері атанғанын жоғарыда айттық. Осындай мәуелі отбасының балалары қазір облыстың әр ауылында тұрып, түрлі қызметтерде еңбек етіп жатыр.
– Қазір біз жұбайым екеуіміз кенже ұлым Бауыржанның қолында тұрып жатырмыз. Кіші ұлымның бес баласы бар, Алла қаласа, жақында әулетіміз тағы бір адаммен толығатын күнді асыға күтіп жүрміз. Ал қазір жан жарым, ұлым, келінім және немерелеріммен барлығымыз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Жалпы алты ұлым мен 1 қызым осы Бидайкөл ауылында өз отбасыларымен тұрады. Ал бір қызым Шиелі кентінде, бір қызым Еңбекші ауылында және тағы бір қызым Қызылорда қаласында сүйген жарларымен бірге өмір кешуде, – дейді ақсақал Әмір Қиянбеков.
Бүгінде балалары әртүрлі салалар бойынша білім алып, әрқайсысы бір-бір кәсіптің иесі атанған.
– Тұңғышым мен кенжем Аманәлі мен Бауыржан – №148 қазақ орта мектебінде директордың бағдарлы жұмыстар жөніндегі орынбасары және іс жүргізушісі. Қыдырәлі мен Ғалымжан – жеке кәсіпкер. Серәлі – Қаратауда инженер болса, Көшеғали – 20 жылдан бері егінші. Қызым Айнаш – аспазшы, Бинаш – Жақаев атындағы №149 «Қызылту» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қарлығашым – облыстық №5 мектеп-интернат директорының оқу тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары, ал Әлимаш – «Күміс» алқа иегері, – дейді ақсақал.
Осылайша жеке кәсіпкер, егінші, аспазшы, есепші, мұғалім, инженер саласының қай-қайсысын алсаң да, Қиянбековтер әулетінен де шығып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
– Жалпы байлықты біреулер жиған-терген дүниесімен, ендібіреулері атақ-абыройымен өлшеп жатады емес пе? Ал менің басты байлықтарым – отбасым, бала-шағам дер едім. Құдайға шүкір, балаларым тәрбиелі, саналы – бәрі де қолдарынан келгенше, жүрген жеріңде өзгелерге көмек көрсетіп жүреді. Оларға әрқашан өз ақылымды айтып отырудан жалыққан емеспін. Адамға бақытты болу үшін жоғарыда айтқан асқан дәулеттің де, даңқтың да керегі жоқ. Бастысы – отбасының және халықтың амандығы, елдің тыныштығы болса, сол жетіп жатыр деп ойлаймын, – дейді Әмір атамыз бізбен әңгімесінде.
Шаңырағы биік, босағасы берік Қиянбековтер отбасы мүшелері әр кеш сайын бір-бірімен шүйіркелесіп, жақсы жаңалықтарымен бөлісуге құмар. Олардың әңгімелерінен бір-біріне деген құрмет, сыйластық пен сүйіспеншілік есіліп тұрады. Қиянбековтер отбасының өзгелерден өнегесін арттырып тұратыны да осы ерекшелігі болса керек. Мәуелі әрі бақытты отбасы осындай бұзылмайтын өзіндік дәстүрді берік ұстанып келеді.
Өнегелі өмірімен көпшілікке үлгі бола білген жарасымды жанұя мерейлі отбасы болудың сырымен де бөлісті.
– Үлгілі әрі мерейлі отбасы болудың сыры – әуелі ауызбіршілікте, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуде. Отбасында береке-бірлік пен татулық болған кезде ғана өзгеге өнеге бола алатын жағдайға жетесіз деп ойлаймын, – дейді қария.
Берекесі тасыған әулет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жүлдегер атанғанда ерекше әсерге бөленгенін жасырып қалмады. Бұрын байқауды теледидардан тек көрермен ретінде тамашалап қана жүрген қызылодалық Қиянбековтер отбасына соңғы бірнеше жылдан бері әкімдіктен қатысуға ұсыныстар түскенін де тілге тиек етті.
– Әсіресе 2017 және 2018 жылдары және биыл да қатарынан үш рет әкімдіктен қатысып, бақ сынап көріңдер деген ұсыныстар түсті. Содан үй-ішімізбен ақылдаса келе биылғы ұсыныстан бастартпай, керісінше оған қатысамыз деп шешім қабылдадық. Алайда, алғаш қатысқан кезде бірден осындай ауқымды жүлдеге ие боламыз деп мүлдем ойламаған едік, – дейді ол.
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ