28 тамыз: Ел тарихында орын алған
1985 жылы Қазақстанның ірі көмір өндіретін кәсіпорны - Екібастұздың «Шығыс» разрезі пайдалануға берілді.
1989 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан мемлекеттік қорық-музейі» ұйымдастырылды. Қорық музей Түркістан қаласында көне Жібек Жолы бойында қазіргі Шымкент-Қызылорда автожолының бойында, Тәуке хан даңғылы мен Алматы алаңының қиылысында орналасқан. Қорық мұражайдың құрамында 100-ден астам тарихи-мәдени және археологиялық ескерткіш бар. Олардың жалпы қорғау аймағы 529,4 гектарды алып жатыр. Ал кесене орналасқан қаланың тарихи орталығының қорғау аймағы 88,7 гектар. Осы аймақта орналасқан сегіз тарихи ескерткіш музейге айналып, халыққа қызмет көрсетуде. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық музейі - Қазақстандағы ерекше маңызы бар рухани орталық.
1991 жылы Қазақстан КП ОК соңғы пленумы өтті. Онда республикада Коммунистік партия қызметін тоқтатты.
1991 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі «Қазақ КСР Ғылым академиясының Археология институтын құру туралы» Қаулы қабылдады.
1995 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Қызылорда облысының Ленинск қаласын республикаға бағынатын қала санатына жатқызу туралы» Жарлығы күшін жойды.
2002 жылы Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
2009 жылы Қызылорда облысы Қызылжарма ауылдық округінде 1200 орындық Сақтапберген Әлжіков атындағы мектеп пайдалануға берілді.