Қайтыс болған қазақстандықтар туралы мәліметтерді сатқан полиция майорлары ұсталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жемқорлыққа қарсы қызмет бірқатар полицей және жерлеумен айналысатын агенттіктердің заңсыз байланыс орнатқанын анықтады, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің жетекшісі Анар Жарованың айтуынша, полицейлер қайтыс болған қазақстандықтардың мәліметін жерлеумен айналысатын компанияларға сатқан.
Полицейлерден ақпарат алған соң, агенттік қызметкерлері қайтыс болғандадың туыстарына хабарласқан.
"Олар жұрттың қайғысына қарамай, өздерінің қызметін ұсынған. Бірден бұл агенттіктер қайғыға душар болған отбасы туралы ақпаратты қайдан алды деген сауал туындайды", -деді брифинг барысында Анар Жарова.
Астаналық жемқорлыққа қарсы қызмет тексеру жұмысын бастады. Қорытындысы бойынша "Алматы" және "Сарыарқа" аудандарындағы кезекші бөлімнің тоғыз қызметкері жұмыстан шығарылды.
Полицейлердің дені полиция майоры лауазымында болған. Түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізбеген басшылар тәртіптік жауапқа тартылды.
Анар Жарова мұндай жағдай тек астанада ғана емес, өзге өңірлерде де кездесетінін атап өтті. Жемқорлыққа қарсы қызметке 1424 нөмірі арқылы хабарласуға болатынын айтты.