Қазақстанда жаңа университет ашылады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. "Ұлытау - 2019" халықаралық туристік форумы барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа университет ашылатынын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы ежелгі өркениеттер мен ірі көлік артерияларының қиылысында орналасқан Қазақстан ғасырлар бойы Еуразия құрлығының маңызды мәдени-тарихи және рухани орталықтарының бірі болып қалатынын атап өтті.
«Еліміздің киелі жерлерінің арасында Ұлытау жері ерекше орын алады. Бұл қазақ халқының қасиетті бесігі, ұлт бірлігінің және Тәуелсіздік үшін күрестің символы. Бүгінде маңызды міндеттердің бірі осы тарихи орынның туристік әлеуетін дамыту болып табылады. Көптеген шетелдік туристерді бес жұлдызды қонақүйлер, курорттар сияқты әмбебап дүниелер жалықтырды», - деді президент.
Мемлекет басшысы шетелдіктерді әр түрлі халықтардың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеу, барған елдің тарихымен танысу қызықтыратынын айтып өтті.
«Сондықтан, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге баруға, тарихи фестивальдарға және көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысуға деген сұраныс артып отыр. Біз осындай үрдістерді пайдалануымыз қажет. Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның туристік әлеуеті мен оны дамытудың міндеттері туралы айта келіп, кәсіби кадрларды даярлаудың маңыздылығына тоқталды.
«Туризм – өте күрделі сала. Тиісті мамандарды дайындауымыз керек. Сондықтан Туризм университетін ашу жөнінде шешім қабылдадық. Дәл осы салада жұмыс істей алатын білікті кадрларды дайындауымыз қажет», – деді ол.