Қызылорда облысы сексеуілді тұрмыста қолдану бойынша алдыңғы орында
«Шөл даланың падишасы». Шөлейтті далада топырақты эрозиядан сақтайтын, құм төбелердің көшкінін тоқтататын, қызуы көмірден асып түсетін сексеуілді осылай деп атаған қазақтар. Өкінішке қарай, қазір елімізде сол бағалы өсімдік азайып барады. Неге дейсіз бе? Өйткені сексеуілге көз тігіп, рұқсатсыз кесіп алғысы келетіндердің қарасы қалың. Сондықтан мамандар сексеуіл ағашы ерекше қорғауды қажет ететінін айтып, дабыл қағып отыр. Ал Үкімет сексеуілді кесуге тыйым салып, сол арқылы бағалы өсімдікті сақтап қалуға тырысуда. Бірақ...
Аяусыз отайтындар көп
Қазақстан жерінің 9,7 пайызын орман қоры құраса, оның 48 пайызы сексеуіл тоғайларына тиесілі. Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi бар. Соның үшеуi Қазақстанда өседi: ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Қазақстандағы сексеуіл ормандарының ең үлкені Жамбыл облысында шоғырланған. Облыстың 4 миллион 435 мың 186 гектар орман қорының 1 млн 187 мың гектары сексеуілдің еншісінде. Алайда соңғы жылдары сексеуіл алқаптары селдіреп кетті. Оған бағалы өсімдікті заңсыз кесіп алғысы келетіндердің көбейгені басты себеп болып отырғаны баршаға мәлім. Оның үстіне, бүгінде сексеуілді қайта өсіру де орманшыларға қиындық туғызуда. Жыл сайын сексеуіл ұрығы талай жерге себілсе де, тамыр алып кетуі оңай болмай тұр. Табиғи түрде өсіп-өнетін дала өсімдігі сиреп қалғандықтан, желге қалқан бола алмайды. Сондықтан жерге себілген дән желге ұшып кетеді. Айналып келгенде сексеуілді аяусыз отағандардың әрекеті өсімдікті қайта өсіруге де кедергі келтіруде.
Бұрындары жұрт сексеуілді отқа тамызық ретінде пайдаланатын. Ал қазір көмірдің жетіспеушілігі мен қымбаттаушылығы, оның үстіне, табиғи газдың тартылмауы елдімекендерде тұратындарға ауыр тиіп, сексеуілді таза отын ретінде қолдана бастады. Оның үстіне, ірі қалаларда кәуап пісіретін орындар көптеп ашылып, сексеуілге деген сұраныс барынша артты. Осының салдарынан сексеуіл алқаптарының көлемі мейлінше тарылып, бұл өсімдіктің тұқымы тұздай құрып барады. Сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңірегінде Парламентте бір емес, бірнеше рет мәселе көтерілді. Бірақ, солай болса да, елімізде сексеуілдің саудасы толастамай тұр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын мамандар дабыл қаққан. Жайдан-жай емес. Еліміздегі бағалы сексеуіл алқаптарының көлемі 20 жылда 4 есе азайғанын айтып, Үкіметтен көмек сұрады. Билік те қарап қалған жоқ. Экологтар дабыл қаққасын, бірден қаулы қабылдады. Сөйтті де, елімізде 2018 жылдың соңына дейін сексеуілді кесуге мораторий жариялады. Биыл жыл басында мораторий мерзімі тағы 5 жылға ұзартылды. Заңсыздыққа бой үйретіп алғандарға Үкіметтің бұл шарасы да кедергі бола алмады. Мәселен, өткен жылы Қызылорда облысында сексеуілді заңсыз кесуге байланысты 49 дерек тіркеліпті. 10 азаматқа айыппұл салынды, үш адам 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Тағы екі адам бір жылға дейін бас бостандығынан айырылды. 25 сотталушы табиғатқа келтірген шығынды өтегеннен кейін сот шешімімен қылмыстық жауапкершіліктен босатыл-ды. Айта кетейік, бұл өңірде сексеуіл отау оқиғалары жыл санап артып барады. Өйткені қызуы жоғары өсімдіктің облыста өтімділігі жоғары. Аймақтың құм көш-кінінен қорғаныштық қалқаны саналатын сексеуілді аяусыз кесіп, сату жағдайлары заңмен шектелсе де, әсте тоқтайтын түрі жоқ. Кафе, дүңгіршек, жеке сауда орындарында жасырын саудаланады.
Ал Жамбыл облысында заңсыз сексеуіл ағашын кесу фактісі бойынша өткен жылдың 9 айында 14 оқиға тіркелген. Салдарынан әкімшілік хаттама толтырылып, азаматтарға 28112 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Анықталған фактілер бойынша 8 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, 4 азаматқа бір жылдан екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Сонда да сексеуіл жағып дәніккендердің айылын жиғызу мүмкін болмай тұр. Оның үстіне бағалы өсімдікті барымталайтындардың басым бөлігі жеңіл-желпі айыппұлмен құтылады. Ал бір жүк көлігіне тиеген сексеуілді сатса, бір миллион теңгеге жуық пайда табады екен. Мұндай көлемде пайда көріп отырған адамға Үкімет белгілеп берген айыппұл сөз болып па? Оған «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді қосыңыз. Осыны ескерген мамандар әкімшілік шара қолдану мәселені шешуге жәрдемші болмайтынын айтуда. «Біздің мекемелер әкімшілік шара қолдануға әуес. Заңды сақтау, қадағалау, бір жағынан, дұрыс. Бірақ ол мәселені толық шешпейді. Бұл жерде кешенді жұмыс керек», – дейді БҰҰ-ның Даму бағдарламасының биоалуан-түрлілікті сақтау саласындағы жобалардың менеджері Талғат Кертешев.
Жоспарлы жұмыс жүзеге асса...
Орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға ден қоюда. 1990 жылдардың басында 54 мың гектар жерге сексеуіл егу басталған. Қаржы тапшылығынан ол іс аяқсыз қалып, тек 2002 жылы қайта жалғасты. 2008-2014 жылдар аралығында Қазақстан ормандарын сақтау және өсімдік қорын молайту жобасы қолға алынды. Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен 57 мың гектар аумаққа сексеуіл егілген. 2017 жылы орман шаруашылығы мекемелері 10 700 гектар жерге сексеуіл екті.
Бүгінде Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстары сексеуілді тұрмыста қолдану бойынша алдыңғы орында. Осы аумақтарда сексеуілдің биологиялық түр ретінде мүлдем жоғалып кету қаупі жоғары. Осы орайда, жоба аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары, жергілікті халықты шағын бизнеске тарту шаралары және ба-лаларға экологиялық білім беру, сексеуілді заңсыз кесуге қарсы шаралар, осы аумақтарда орналасқан қорықтар мен резерваттардың материалдық және техникалық жағдайын жақсарту, ондағы қызметкерлерді оқыту сияқты жұмыстары жүргізілуде. Былтырдан бастап БҰҰ Даму Бағдарламасы мен ел Үкіметі бірлесіп биологиялық алуантүрлілікті сақтау бойынша арнайы жобаларды қолға алған болатын. Сол жобалар бойынша Қазақстандағы сексеуілді қорғау мәселесіне баса мән беріліп отыр. Қазіргі уақытта БҰҰ Даму бағдарламасы негізінде «Ауыл шаруа-шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірлесіп Эко-даму шағын кредиттік бағдар-ламасы әзірленген. Соның аясында 5 жыл ішінде 285 млн теңгеге 89 жоба баста-лып, 209 жұмыс орны ашылды. Адамдар несиені 4 пайызбен 5 жылға алады. Несие ең алдымен омарта шаруашылығына беріледі. Өйткені нарықта балға қашанда сұраныс бар. Осы арқылы халыққа баламалы қызмет түрі ұсынылып отыр. «Біз табиғатқа зияны келмейтін шараларды қолдаймыз. Мысалы, жұмыссыз отырған үй иесі осы уақытқа дейін сексеуіл сатып, аң атып отбасын асырап отыруы мүмкін. Оны да түсінуге болады. Енді ол бал өсірумен айналысатын болады», – дейді Талғат Кертешев.
Бүгінде Сыр өңіріндегі орманды жерлердің 87 пайызында шөлге шыдамды ағаштың осы түрі өседі. Айта кетейік, «Ормандарды сақтау және республиканың орманды жерлерін көбейту» жобасы аясында 2008-2014 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 57 мың гектардан астам сексеуіл, сарсазан тәрізді, шөлге, сортаң топыраққа бейімді ағаш-бұта түрлері отырғызылды. Биыл тағы 10 мың гектар теңіз ұлтанына сексеуіл егілмек. Арал теңізінің кепкен табанына сексеуіл отырғызу ұзақ жылдан бері жалғасып келеді.
Сонымен қатар, БҰҰ Даму бағдарламасы негізінде Алматыда биылғы қыр-күйектен бастап арнайы акция ұйымдастырылмақ. Акция барысында қаладағы мейрамханаларды кәуап пісіру үшін сексеуілді қолданбауға шақырмақ. Ал акцияға қатысқан мейрамханаларға арнайы сертификаттар табысталатын болады. Сондай-ақ, қараша айында Алматыда бірінші рет халықаралық өңірлік кон-ференция өткізіледі. Осыған орай Өзбекстан мен Тәжікстаннан орман шаруа-шылығы мамандарын Алматыға шақырып, Орта Азиядағы сексеуілді қорғауға қатысты меморандум жасау жоспарланып отыр.
БҰҰ Даму бағдарламасы мен Үкіметтің сексеуілді сақтау бойынша қолға алған маңызды шаралары бар екенін жоғарыда атап өттік. Осы ретте аталмыш ұйымның сарапшыларымен байланысып, сексеуілді сақтап қалу үшін қандай шаралар қолдану қажеттігін сұрап, білген едік.
Ақмарал АҒАЖАЕВА, БҰҰ Даму бағдарламасы ландшафтық жоспарлау бойынша сарапшы.
Жойылып кету алдында тұр
Ақмарал АҒАЖАЕВА, БҰҰ Даму бағдарламасы ландшафтық жоспарлау бойынша сарапшы.
Жойылып кету алдында тұр
– Сексеуілді Қазақстанның бренді ретінде қалыптастыру мүмкін бе? Ол үшін қандай шараларды қолға алу қажет?
– Қазақстанның мемлекеттік орман қоры 29,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде орманды аумақ 12, 9 млн гектарға тең. Орманды алқаптың басым бөлігі сексеуілге тиесілі. Ақ және қара сексеуіл аумағының көлемі 6,3 млн гектарды алып жатыр. Бұл – республикадағы барлық орман аумағының 48,9 пайызы. Қазақстан орманының жартысы сексеуілге тиесілі болғандықтан, бұл өсімдіктің еліміздің брендіне айналуына негіз бар.
Сексеуіл – шөлейттенуге жол бермейтін бағалы өсімдік. Бүгінде бұл ағашқа жойылып кету қаупі төніп тұр. Қара сексеуілдің тамыры терең. Ол өзінің мықты тамырымен құмды ұстап, желді ұстайды. Кейбір деректерге сенсек, бір сексеуіл шамамен 3-4 тонна құмды ұстап тұра алады. Қазақстанда бұл аса бағалы ағаш. Сондықтан, оны арнайы бағдарлама арқылы қорғау қажет. Одан бөлек, сексеуілді орман – Қазақстанның ұлан-байтақ даласын мекендейтін көптеген жан-жануар-лардың тіршілік ортасы.
– Сексеуілдің жойылып кетуіне немесе азаюына жол бермеу үшін ең алдымен неге баса назар аудару керек?
– Біріншіден, сексеуілді отауға салынған мораторийді тоқтатпау керек. Отырғызылған сексеуілді қорғау да аса маңызды. Оның ішінде сексеуіл көп өсетін Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы орманды қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтауды назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондай-ақ, сексеуіл ағашын отырғызу, егу жұмыстарының көлемін арттыратын шараларды ұйымдастырған абзал. Одан бөлек заманауи ресурс үнемдеу технологиясын және сексеуілге зиян келтірушілермен күрес жүргізетін ғылыми зерттеулерді қолдана отырып бағалы ағашты өсіруге мүмкіндігі бар орман тәлімбағы жүйесін құру қажет.
– Сексеуілді заңсыз отайтындармен күрес жүргізудің қандай тәсілдерін ұсынар едіңіздер?
– Бүгінде сексеуілді негізінен кәуап әзірлеу үшін отайды. Елімізде заңсыз отауға қарсы мораторий жарияланғанымен, бақылаушы инспекциялар жұмыс істегенімен, сауда орындары мен жанармай бекеттерінде сексеуілді саудалап жатқандар көп. Тәжірибе көрсеткендей, тікелей тыйым салу мәселені шешуге көмектеспейді. Бұл ретте табиғатты қорғауға шақыратын ақпараттық науқан жүргізу қажет. Бұл шараға қоғамның назарын аударту маңызды. Мысалы, сексеуілдің маңызын түсіндіретін экологиялық акциялар мен оқушылар арасында экологиялық білім беру шараларын ұйымдастырған жөн. Сонымен қатар, ауыл халқына заңсыз кесудің орнына баламалы жұмыс түрін ұсыну керек. Мәселен, шағын несие беру арқылы экологиялық бизнесті, экотуризмді, омарташылықты дамытуға жол ашып берсе, құба-құп болар еді.
– БҰҰ Даму бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатын жобалардан қандай нәтиже күтуге болады?
– Дәл қазіргі уақытта БҰҰ Даму бағдарламасы сексеуілді қорғау мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтсақ, Балқаш пен Сырдария өзені бассейніндегі сексеуіл орманын түгендеуді жоспарлап отырмыз. Балқаш пен Сырдария – сексеуілдердің экологиялық жағдайын бағамдауға мүмкіндік беретін жобалық аумағымыз. Сонымен бірге, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында қоғамның назарын аудартатын экологиялық акцияларды қолға алмақпыз. Бұған дейін Қызылорда, Алматы облыстарындағы құм басқалы тұрған елді мекендерде бірқатар жобаларды іске қосқанбыз. Сол шаралар негізінде «көшпелі» құмның пайда болуымен күресудің әдістерін көрсеттік. Атап айтқанда, сексеуіл көшеттері отырғызылып, ресурс үнемдеуші технология көмегімен бағып-бапталды. Одан бері бірнеше жыл өтті. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Бүгінде сол сексеуілдер жерсініп, құмды жақсы ұстап тұр.