Қазақ баспасөзінің үш серісі
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ілияс Жансүгіров. Сәкен Сейфуллин. Бейімбет Майлин. Олар – үшеу еді. Қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі үлес қосқан тегеурінді тума таланттар еді. «Таспиқтың үзілген тасындай» бір жылы (1894) туған бұл үш құрдас – бір жылы (1938) нақақтан-нақақ атылып кетерін білмеген де, сезбеген де болар?! Иә, олардың пешенесіне 44 жылдық ғұмыр жазылыпты. Туған халқымыз «үш арыс», «үш бәйтерек» деп мақтан тұтып, төбесіне көтерген болатын.
Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне төңкеріс тудырған үшеудің басы туған ұлысының тағдыры таразыға тартылған алай-дүлей кезеңде табысып, ұлы мұрат жолында қосылыпты. Біреуі – Жетісудың даласынан болса, екіншісі – Сарыарқаның кіндігінен. Ал үшіншісі – Тобылдың жағасында өсіп-өнген. Ілиястың да, Сәкеннің де, Бейімбеттің де қаламына тән қасиет – елдің мұңы мен халықтың аянышты хәлі. Сәкен заманында оқ бойы озық тұрып, 25 жасында-ақ үкімет басқарады. Билік тізгінін ұстағанда есіл ер ұзақ уақыт «киргиз» аталып келген елдің тарихи атауын қайтарып, арнайы қаулы шығартты. Міне, содан бері қаймана қазақ «Қазақ елі» аталады. Сол азамат үкімет басында отырғанда қазақ тілінің мәселесін көтеріп, кеңсе тіліне айналдырады. Бір жылдың ішінде ана тілінің мәртебесін көтеруге арналған бес көлемді мақала жазыпты. Ал, Ілияс болса қазақтың этнографиясы мен ұлттық музыкасы, өнері мен мәдениеті туралы қаншама өзекті мәселелерді көтеріп, түйінін шешті. Әңгіме жанрының шебері Биағаңның сойылдай тілінен қазақтың жадағай тіршілігі, ауыр тұрмысы мен большевиктерден көрген қасіретін шынайы суреттеген публицистиканың ең озық үлгілері туды. Үш ердің шығармалары уақыт сынынан өткен, әлеуметтік маңызы зор, идеялық-көркемдік сапасы кемел мұраға айналды.
Бүгінгі жас әдебиетшілер мен журналистерге дәріс оқығанымызда үнемі осы үш қалам қайраткерінің публицистикалық мұрасын мысалға келтіреміз. Фельетон жанрында Ілиястай жүйрік журналист жоқ. Сатираның көрнекі түрлерін Бейімбет түрлентсе, Сәкен журналистік зерттеу ісіне маманданған екен. Ілекең – қазақтан шыққан дипломды һәм кәсіби журналист. Ол – Мәскеудегі Мемлекеттік журналистика институтын тәмамдаған алғашқы қазақ баласы. Ілекеңнің журналистік мұрасы алуан түрлі, сан салалы. Құлагер ақын театр, кино мәселесін жиі-жиі көтеріп, сол саланың кәсібиленуіне себепкер болды. Биағамыз қазақтың басына кесапат болып келген ашаршылық мәселесіне жанкештілік танытып, совет үкіметінің орнауының зиянын және күшпен ұжымдастырудың қасіретін қайта-қайта сынап жазып, өзінің қарсылығын білдіріпті. Қызыл үкіметтің саясатына имандай сеніп, бар күш-жігерін, жастығын сол үкіметтің орнауына арнаған қайран Сәкен ақырында большевиктік-социалистік кері идеологияның құрбаны болды. Рас, Сәкен қызыл жүйені жырлады, десе де үкіметтің көзқарасын қазақтың тұрмысына бұруға қызмет етті. Шығармашылық ұйымдарды басқарған шағында да қазақтың өміріне алаңдап, ел мәселесін жазды.
Үш бәйтеректің журналистік қызметіне назар аударғанымызда, үшеуі де өздері басқарған қазақ баспасөзін құлпыртып, тақырыптық-мазмұндық жағынан байытқан екен. Редактор деген биік лауазымға лайықты болған. Әлеуметтік-қоғамдық позицияны көтергенде үшеуінің жазу стиліне, сөзді құбылтуына, ойды ойнатуына қайран қаласыз. Әлеуметтік тілі, өткір ойы, сезгір сезімі ерек.
Қалам қызметіне ерте араласқан бұл үштіктің әдеби-публицистикалық мұрасы – ұлттық әдебиетіміз бен журналистикамыздың баға жетпес мәдени мирасы. Жазған-сызғандары өнегеге, тағылымға айналған асыл ағаларымыздың бүркеншік әдеби есімдері әлі күнге дейін нақты анықталып, зерттелген емес. Егер, зерттеуші қатарластарым ХХ ғасыр басындағы қазақ журналистикасын індете зерттеуді қолға алса, ғылымдағы басы даулы, түйткілі көп мәселелердің қыр-сырын ашып, әркімге телініп жүрген шығармалар мен мақалалардың төл авторын анықтауға мүмкіндік туар еді. Сәкен басқарған «Қызыл Қазақстан», Ілияс қызмет еткен «Жетісу әйелі», «Тілші», «Әйел теңдігі», Бейімбеттің қолтаңбасы қалған «Ауыл» газеттерінің тігіндісін ақтарып, әр нөмірін хаттап, бүгінгі жазуға түсіріп, әрқайсысын жеке-жеке өз алдына бөлек кітап ретінде шығарса, ғылымның дамуына зор үлес болар еді. Биылғы 125 жылдық мерейтой аясында атқарылар игі істің бірі осы болса, тұлғаларды тану, зерттеу жаңаша арнаға ойысары сөзсіз. Өткен тарихымызды тану, зерттеу – бүгіннің міндеті ғана емес, парызы.
Жылдар жылжыған сайын үшеудің үні дабылды, екпінді естілсе керек...
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
Ruh.kz