«ҚазТрансГаз»: Жас мамандар сынға түсті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» компаниялар тобында «Үздік маман-2019» дәстүрлі кәсіби шеберлік байқауы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Аса қауіпті әрі жауапкершілігі жоғары саланың мамандары біліктіліктерін шыңдап, озық тәжірибелерімен бөлісті. Шараға еліміздің әр аймағынан 15 мамандық бойынша жүзден астам қызметкер қатысты.
Байқау екі кезеңнен тұрды: алғашқысы Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» жерасты газ сақтау қоймасының базасында өтті. Ал шешуші кезеңге республиканың 9 өңірінен жиналған мамандар Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық станциясында шеберлік байқасты.
«Талап өте жоғары. Ең бірінші мәселе – қауіпсіздікті қорғау мәселесі. Екінші, өз мамандығы бойынша шеберлігін көрсету. Ол жөнінде үлкен комиссия бар», - дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директордың бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров.
Қатысушылар 3 күн бойы өндірістік қауіпсіздікке қатысты теориялық және практикалық дағдыларын паш етті. Сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша біліктіліктерін көрсетті. Мамандардың шеберлігін сарапқа салған арнайы комиссия байқау қорытындысын шығарды.
«Байқау тек жас маман емес, бүкіл жұмысшы мамандарға өзін осы компанияның мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Әлбетте, белсенді өмір сүруге құлшыныс күшейеді. Жас мамандар өздерінің мүмкіндігін сынайды», - дейді желілік құбыр жүргізушісі Төлеген Сатарқұл.
Еліміздегі газдандырылған 11 облыстағы 9 млн тұрғынның үйіне шуақ сыйлап, 40 мыңнан астам кәсіпорынға қолайлы отын жеткізіп келе жатқан газ мамандары бұл жолы да нағыз өз ісінің шеберлері екенін көрсете білді.