Арыстағы әскери бөлім аумағында жарылыстар тыйылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арыстағы әскери бөлім аумағындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыстар тыйылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдайға сәйкес, әскери бөлімше аумағында қазіргі уақытта жарылыстар тіркелген жоқ. ҚР Ішкі істер министрлігінің 1 200-ден астам қызметкері мен 180-ден астам техникасынан жасақталған күштері мен жабдықтары оқиға орнында қалып отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, кеше және түні бойы жүргізілген жұмыстар жеке тұрғын үйлердегі өртті сөндіруге бағытталған.
«Жалпы 45 өрт сөндірілді. Оның 21-і тұрғын үй өрті, 9 қора-қопсы өрті. Сонымен қатар оқ-дәрі ұшуынан тұтанған 19 дала өрті сөндірілді. Түркістан облыстық полиция департаменті мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері Арыс қаласында талан-таражға жол бермеу үшін шолғындау жұмыстарын жүргізді. Өткен тәуліктің ішінде 3 адам ұсталып, тонау фактісі тіркелді», - деді Юрий Ильин.