Қызылордада жеңіл көлік аударылып, бір адам қаза тапты
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы «Самара-Шымкент» тас жолының бойында «Lada Granta» маркалы автокөлігі аударылып, бір жолаушы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл келеңсіз жағдай 6 маусым күні орын алған. «Lada Granta» маркалы автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, аударылған. Салдарынан бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
«Аталмыш жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мəн-жайлары анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.